Қызметкерлерді ПТР-тестілеуден өтуге міндеттеу – ұжымды жұқтыру қауіпінен құтқармайды

көрнекі сурет
көрнекі сурет
Сынама тек дәрігерлердің көрсетілімімен жүргізілуі тиіс
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жұмыс берушілердің өз қызметкерлерін ПТР-тестілеуден өтуге міндеттеуі, ұжымды жұқтыру қауіпінен құтқармайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сынама тек дәрігерлердің көрсетілімімен жүргізілуі тиіс. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова осылай деп жеткізді. Айтуынша, еш белгісі жоқ адамдарды мәжбүрлеудің салдарынан зертханаларға едәуір салмақ түсіп, енді нағыз қажетті жандарға тестілеу жетпей жатыр.

Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова жұмыс берушілерді іс-сапар, еңбек демалысынан келген қызметкерден ТР-тесттің анықтамасын талап етпеуге шақырды. Оның айтуынша, сынама – диагностикалық тест. Ол тек белгілі клиникалық және эпидемиологиялық көрсетілімдерге байланысты жүргізілуі тиіс.

«Құрметті жұмыс берушілер! Бұл талап инфекцияның ұжымға өтпеуінен қорғамайды. Егер сіздің кәсіпорын ашық болса, қызметкерлердің қозғалысы күнделікті жүреді. Жұмыстан шығысымен біз үнемі байланыста боламыз. Біз қоғамдық көлікке мінеміз, дүкендерге кіреміз, түрлі қызметтер аламыз. Жақындарымызбен, дос-таныстарымызбен қауышамыз. Індетті жұқтыру ықтималдығы ұдайы болады», – деді ҚР Бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.

Анықталғаны, елімізде коронавирусқа тәулігіне 30 мың зерттеу жүргізіледі. Наурыз айынан 1 миллион 400 мың сынама жасалды. Оның 80 пайызы – тұрғындар үшін тегін болды. Дерттің дендеп жатқанын айтқан дәрігер ел тұрғындарының әлі де індетке салғырт қарайтынын жеткізді.  

«Біз жиі байқайтынымыз, ел тұрғындары медициналық масканы иегіне киіп жүреді. Құрметті қазақстандықтар! Бетпердені иекке кию сіздерді коронавирустан ешқалай қорғамайды. Маска мұрын мен бетті жауып, қорғауы керек», – деді ҚР Бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.

Бас санитарлық дәрігер сондай-ақ, бетті қолмен ұстай бермеу керектігін алға тартты. Қарапайым гигена талаптарын ұстанып, антисептиктерді қолдану қажеттілігін баса айтты. Бұдан бөлек, қалыпты өмірге оралу үшін мейлінше оқшаулану қажет дейді.    

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан


Новости партнеров