|
24.03.2020 | 20:41
1543

ТЖ кезінде жұмыс орындарын сақтап, халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеуге басымдық беріледі – Д. Абаев

Министр аурудың алдын алу бойынша Алматы әкімдігі атқарып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын берді

ТЖ кезінде жұмыс орындарын сақтап, халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеуге басымдық беріледі – Д. Абаев total.kz

Елдегі төтенше жағдай кезінде жұмыс орындарын сақтап, халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеуге басымдық беріледі, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.

Еліміздегі өңдеу және тау-кен өндірісі мекемелерінде 700 мың адам еңбек етеді. Ал, Мұнай-газ саласында 1355 компания жұмыс істейді, оларда 200 мыңнан астам адам қызмет етеді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың сөзінше, мұнай баррелінің құны 25 доллар болса да, бұл компаниялар ағымдағы шығынын жауып, қызметкерлерін жұмыспен толық қамтамасыз ете алады.

«Президенттің үндеуі –  бұл көп жағдайда ел экономикасының тірегі  болып саналатын жұмысшы мамандық иелеріне үндеу.  Себебі салық төлейтін, қосымша құн беретін, сұранысты қамтамасыз ететін сіздер. Үкімет жүз пайыз жұмыспен қамту және өндіріс көлемін сақтау бойынша қажетті шараларды жасауда», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.

Күнделікті қолданылатын заттар өз елімізде жасалуы керек деді Абаев. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашып, баға саясатын тұрақтандыруға өз әсерін тигізеді. Оның сөзінше, отандық өндірісті өркендетуге қауқарымыз жеткілікті. Алдымен нарықта бәсеке қалыптасуы тиіс. Бұл мақсатта бизнеске 1 трлн. теңге бөлініп отыр.

«Біз күнделікті қолданатын заттың барлығы өз елімізде жасалуы керек. Тамақ, киім, жиһаз, тұрмыстық химия деген сияқты тауарларды біз өзіміз өндіре аламыз. Бірақ тек өндіріп қоя салу жеткіліксіз. Ол тауарлар нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы және қолжетімді болуы керек. Өз тауарымызды тұтыну арқылы біз болашағымызды қалыптастырамыз», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.

Коронавирусқа қатысты шараларға келетін болсақ, 2019 жылғы көктемде шақырылған азаматтарды әскери қызметтен босату тоқтататылды. Сол сияқты әскерге шақыру науқаны да жүргізілмейді.  Абаев аурудың алдын алу бойынша Алматы әкімдігі атқарып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын берді.

«Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыруға өңірлер кірісті. Мысалы, Алматыда шағын және орта бизнес субъектілеріне коммуналдық меншікті жалға алу үшін төлем есептеу тоқтатылды. Оңтүстік астана – еліміздің ең ірі іскерлік орталығы. Сондықтан  әкімдіктің мұндай жедел әрекеті жағымды жаңалық деп ойлаймын», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.

Жақын күндері Қазақстанға 266 мың тест жеткізіледі. Алайда олар алдымен дәрігерлерге берілетінін айтты. Бүгінгі күнге дейін 15 мыңнан астам тест қолданылған. Короновирус анықталғандар ішінде 13-і өз елімізде жүріп жұқтырған. 29 адам шетелде шалдықса, 26 адам солармен бірге бір ұшақта келген. Сонымен қатар, шетелде дертке шалдыққан 2 қазақстандықтың денсаулығы қанағаттанарлық деді министр.  

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир