Соңғы кездері әлеуметтік желілерде жұқпалы індетті масалар таратады деген жансақ пікірлер айтылып жүр
Маса мен өзге де жәндіктер коронавирусты таратушы болып саналмайды. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекенов осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде жұқпалы індетті масалар таратады деген жансақ пікірлер айтылып жүр. Алайда эпидемиолог мамандар қансорғыштар қауіп-қатер туғызбайтынын алға тартады. Десе де Нұр-Сұлтанда жылдағыдай жоспарлы дезинфекциялау шаралары басталып кетті.
21 сәуірден бастау алған дезинсекциялық шаралар елорданың төрт ауданында бірдей жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға 150 маман, 8 биолог-энтомолог және 20 термогенераторшы жұмылдырылған. Ондаған арнайы көлік бөлінген.
«Бұл жұмыстар ай сайын жүргізіліп жатыр. Су қоймалары 6-10 күн бойына дезинсекцияланады. Шаһарда шамамен жарты айдай жасалады. Егер ауа райы бұзылмаса, масаларды улаудың алғашқы туры осы аптаның соңына таман аяқталды», – деді «Столичная дезинфекция» ЖШС өндірістік бөлімінің меңгерушісі Антонина МАСЛОВА.
Маманның сөзінше, улау жұмыстары әдетте таңертең немесе түнде жүргізіледі. Себебі дәл осы уақытта далада маса қаптайтын көрінеді. Ал сепкен дәрінің әсері жауын жаумаса, 20 күнге дейін сақталады екен. Десе де энтомолог дәрігерлер дезинсекциялық шаралар жүргізілген аймақтардан дернәсілдердің шықпауын әр төрт күн сайын қадағалап отырады.
«Мұндай алдын алу жұмыстары міндетті түрде қажет. Себебі дауыл көтеріліп, жаңбыр, бұршақ жауса, дернәсілдер уланбай қалады. Сондықтан энтомологтар қадағалайды. Күнделікті жоспар кестесі құрылады. Дезинсекциялық жұмыстар үшін агран препаратын қолданудамыз. Ол маса мен шыбын-шіркейді улауда тиімді. Препарат роторлы бүркеуішпен шашылады», – деді «Столичная дезинфекция» ЖШС бөлім меңгерушісі Айман СМАҒҰЛОВА
Ал ел тұрғындары арасында қанмен қоректенетін ауру таратушы жәндіктер шаққанда COVID-19-ды жұға ма деген үрейдің болғаны рас. Бірақ эпидемиолог Жұмабек Бекенов әлеуметтік желіге таралған әңгімені шындыққа жанаспайды деді.
«Масаның бұл ауруды таратуына ешқандай мүмкіндік жоқ. Басқа жәндіктер де сол. Қан гемморагиялық лихорадкалар, малерия, туляримия масалар арқылы немесе кенелер арқылы таралады. Яғни, аурулар адамдарды шағу арқылы таралады. Бұл аурулар – трансмиссивтік жолмен берілетін аурулар. Коронавирус адамнан адамға, ауа тамшылары арқылы жұғады. Сондықтан да масалар, кенелер, бүргелердің ешқандай қатысы жоқ», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек БЕКЕНОВ.
Маса мен шыбын-шіркейдің коронавирус індетін тарата алмайтынын қытайлық ғалымдар да дәлелдеген болатын. Аспан асты елінің эпедимиологтары COVID-19 үй жануарлары ғана жұқтыра алатынын анықтаған. Ғалымдар Ухань қаласының көшесінде жүрген қаңғыбас ит пен мысықтың 100-інен талдама алып, 15 пайызында инфекцияны жойған антидене тапқан.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан