Алматыда «Бахус» зауыты қалалық жедел штабқа көмек ретінде 3 мың литр этиль спиртін сыйлады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Карантин кезінде құрылған штаб оны орталық қалалық клиникалық ауруханаға табыстапты. Дәрігерлердің сөзінше, тазалыққа аса мән беретін пандемия кезінде бұл таптырмайтын дүние. Енді сыйлыққа берілген этиль спирті ауруханаларды дезинфекциялауға пайдаланылады. Негізі 3 тонна спирт бір аурухананы 365 күн қамтамасыз етуге жетеді. Сондықтан ақ халаттылар тазалық құралын берген компанияға шексіз алғыс білдіреді.
«Бахус» акционерлік қоғамы орталық клиникалық ауруханаға Алматы қалалық төтенше жағдайлар штабының атына қаламыздың стационарларында дезинфекция жұмыстарын жүргізу үшін 3 тонна этиль спиртін табыстады. Бұл – коронавирус індетімен күрес жүргізу кезінде көрсетілген үлкен көмек. «Бахус» компаниясына азаматтық ұстанымы мен көрсеткен көмегі үшін алғысымызды білдіреміз», – деді Орталық қалалық клиникалық аурухана бас дәрігерінің хирургия жөніндегі орынбасары Самат ЖӘРМЕНОВ.