Бұл күндері Алматыда 6 мыңнан аса науқас үй жағдайында коронавирустан емделіп жатыр. Олардың бәрі арнайы мобильді бригадалар мен Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында. Науқастар санының артуына байланысты қазір алғашқы көмек көрсететін бригадалар науқан тәртібінде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір шаһар бойынша мобильді бригадалардың саны 298-ге дейін артқан. Әр бригаданың құрамына дәрігер мен екі медбике кіреді. Олар алдымен пациентті тексеріп, ауру дәрежесін бағалайды. Сондай-ақ, коронавирусқа ПТР-тест әдісімен талдау жасап, қажет болған жағдайда рентгенографияға және компьютерлік томографияға жолдама береді. Үнемі індеттің маңайында жүргендіктен, сақтық шараларына әсіресе жіті көңіл бөлінген.
Тұла бой мен бет-ауызды толығымен тұмшалайтын бұл костюм жүріп-тұруға кедергі келтіреді. Онымен қоса еркін тыныс алуды қиындатады. Ал, арнайы бригаданың мүшелері таңғы сағат 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін, яғни 12 сағат бойы осындай қорғаныш костюмімен жүруге мәжбүр. Себебі олар коронавирус жұқтырғандармен тікелей байланыста жұмыс істейді.
Арнайы бригаданың бақылауымен үй жағдайында емделіп жатқан науқастардың бірі – Әлия Дүйсенова. Әзірге індетті жеңіл түрде өткеріп жатыр. Кеселдің асқынып кетпеуі үшін бар жағдайды жасап, әрдайым бақылауда ұстап отырған дәрігерлерге арудың алғысы шексіз.
«№36 қалалық емхананың дәрігерлерін үйге шақырдым. Олар тексеріп, дәрілер тағайындады. Келесі күні ПЦР алып кетіп менен. Келесі күні ПЦР оң болып шықты. 11-нен бастап мен үй жағдайында емделіп жатырмын. Мобильді топқа рахмет», – деді қала тұрғыны Әлия Дүйсенова.
№36 қалалық емхананға қарасты бригаданың бақылауында Әлия сияқты 357 науқас үйде ем алып жатыр. Пациенттерге күнделікті ем-дом жасап, қал-жағдайын біліп отыру үшін мұнда 7 мобильді топ құрылған.
«Мобильді топтар 2020 жылдың наурыз айында құрылды. Содан кейін мына эпидемиологиялық жағдайға байланысты топтардың құрамы өзгеріп отырды. Егер эпидемиологиялық жағдай қиындап, өсіп жатса науқастар, онда топтардың саны көбейді. Қазіргі таңда бізде 7 мобильді топ бар», – деді №36 қалалық емхана жанындағы мобильдік бригаданың меңгерушісі Ілияс Сағиев.
Айта кетейін, қазір шаһар бойынша індет жұқтырған 6132 адам үй жағдайында ем алуда. Олардың 5 мыңнан астамы коронавирустың жеңіл түрімен ауырып жатыр. Ал, қалған науқастарда вирустың симптомдары жоқ.
Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы