Алматыда эпидахуал әлі де күрделі жағдайда болғандықтан, мониторингтік жұмыстар қатаң түрде жүргізіліп жатыр. Дегенмен шектеуге қарамастан жұмысын жалғастыратын мекемелер де азаймай тұр. Кеше арнайы мониторингтік топ осындай бірқатар орынды әшкереледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алмалы ауданының тексерушілері анықтаған алғашқы нысан Панфилов көшесінің бойындағы лаунч-бар. Алғашында есікті ашпай қарсыласқан еді, төтенше жағдай департаменті өкілдері келген соң ғана ішке кіргізген әкімшілік кінәсін мойындап, хаттама толтырды. Ішінде 20 шақты адам болған.
«Алматы қаласы «қызыл» аймаққа кіруіне байланысты, өздеріңіз білесіздер, сол себепті қазіргі таңда біз, мониторингтік топпен қаладағы 8 аудан бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Карантин талабын бұзған кафені тапқан болатынбыз. Қазіргі таңда сол бойынша түсініктеме алып, ол СЭБ-қа беріліп, айыппұл салынатын болады», – деді қалалық «АТАМЕКЕН» кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі Қуаныш Жақсыбек.
Ал, Гагарин көшесінің бойындағы мына караоке-бар тығылмай-ақ ашықтан-ашық келушілерді қабылдаған.
Қатаң шектеу шарасына қарамастан жұмысын тығылып жалғастырған тағы бір мекемеде 70-ке жуық адам отырған. Қазір олар ішкі істер басқармасына жөнелтіліп жатыр.
Карантиндік шектеулерге байланысты қоғамдық тамақтану орындарында қорқор шегуге де тыйым салынған еді. Біз келген көңіл көтеру орны бұл талапты да сақтамаған. Ал тәртіпке бағынбаған караоке қонақтары аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілді.
«Бүгін біз осы мониторинг тобымызбен тағы да келген болатынбыз осы мекемеге. Бұл жерде лаунч-бар бар. Шыны керек енді, сағат 00.00-ге таяп қалды. Бұл жерде заң бұзушылық болып жатыр, карантин ережелерін мүлдем сақтамаған», – деді ерікті Бағдат Анарбаева.
Жалпы жыл басынан бері Алмалы ауданында 192 тексеру жұмысы жүргізіліп, 1800 мекеме тексерілген. Оның 308-і заңбұзған. Оларға тиісті хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы