|
26.04.2021 | 22:26
1388

Covid-19 вакцинасы адам геніне әсер ете ме: шетелдік және отандық ғалымдардың пікірі

Бүгінде вакцинаның тым тез әзірленіп, қолданысқа енгені әркімнің көңілін алаңдатып, оның сапасына шүбәмен қарауға итермелегені рас

Covid-19 вакцинасы адам геніне әсер ете ме: шетелдік және отандық ғалымдардың пікірі

Коронавирус вакцинасы адам геніне әсер ете ме? Вакцина тым қысқа мерзімде жасалды деп оның сапасына күмән келтіретіндерге мамандар не дейді? Ал екпе адамның репродуктивті жүйесіне кері әсер ететіні рас па? Осы сияқты вакцина туралы қоғамда айтылып жүрген сан сауалдың жауабын Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін шетелдік және отандық ғалымдардан сұрап, анықтап көрді.

Инфекциялық ауруларды 40 жылдан бері зерттеп жүрген эпидемиолог, медицина ғылымдарының докторы Михаил Фаворов коронавирус екпесі адамның геніне әсер етуі мүмкін емес дейді. Себебі адам ағзасында өндіріліп шығатын антидене тірі ағза емес, ол тек вирустан қорғаушы.

«Бұл вакциналар қандай да бір жолмен басқа ағзаға ауысуы мүмкін деген қауіпті жоққа шығарамын. Адамның болашағына кері әсерін тигізе ме деген сұраққа да жоқ деп жауап беремін. Мұндай қорқынышты мәліметтерді білмейтін адамдар таратады. Нақты зерттелген деректерге мән беру керек», – деді Вирусты инфекциялардың таралуын бақылау және алдын алу саласы бойынша сарапшы, эпидемиолог  Михаил Фаворов (АҚШ).

Бүгінде вакцинаның тым тез әзірленіп, қолданысқа енгені әркімнің көңілін алаңдатып, оның сапасына шүбәмен қарауға итермелегені рас. Алайда эпидемиологтың бұған да айтар уәжі бар. Сөзінше, вакцинаны жасау технологиясы бұрыннан бар. Коронавирус типтес түрлі ауруға арналған бұған дейін мыңдаған зерттеулер жүргізілген. Яғни, вакцинаның қаңқасы дайын, тек антидене шығаратын репродуцентті, яғни ақуызды енгізу керек болыпты. Сондықтан да бұл үдеріс тез жүрді дейді. Сондай-ақ, ол вакцина салғаннан кейін антидене барына көз жеткізу үшін тест тапсыратындарға да жауап берді.

«Шығыс Еуропа мен ТМД елдерінде қолданылатын антиденеге арналған тесттер екпе арқылы шығатын антиденелерді анықтауға сәйкес келе бермейді. Яғни, коронавируспен ауырған адамның антиденесі басқа, ал вакцина арқылы түзілген антидене бір басқа болады», – деді Вирусты инфекциялардың таралуын бақылау және алдын алу саласы бойынша сарапшы, эпидемиолог Михаил Фаворов(АҚШ).

Сондықтан маман коронавируспен ауырған адамдарға да екпе салдыруға кеңес береді. Бірақ вакцинаны ауырған кезден бастап жарты жыл өткеннен кейін ғана қорықпай алуға болады. Сондай-ақ, шетелдік сарапшы екпе адамның репродуктивті жүйесіне еш әсер етпейтінін баса айтты. Ал отандық ғалымдар ресейлік «Спутник-V» мен өзіміздің «QazVac» вакцинасының айырмашылығын ажыратып берді.

«Екі вакцинаның атқаратын қызметі мен міндеті бір. Тек олардың жасалу жолы екі түрлі. Мәселен, «Спутник-V» аденовектор негізінде жасалған. Яғни, аденовектор белгілі бір материалды жасушаға жеткізіп вирусқа тән ақуыз шығаруға көмектеседі. Осылайша иммуннитет жауап береді. Ал қазақстандық вакцина инактивацияланған вирус арқылы жасалған. Яғни, адам ағзасына зияны жоқ вирус енгізіліп иммунды жүйе құрылады», – деді Б. Атшабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтының директоры Тимур Салиев.

Ғалымдар өндірілген вакциналар мутацияланған барлық штаммдарға да жақсы төтеп бере алатынын айтады.

Назкен Еркін, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир