Алматы әкімі Б. Сағынтаев «Алматы» арнасындағы Akimat Live эфирінде КВИ-мен күресуге ықпал ететін цифрлық шешімдер туралы хабарлады. Мысалы, қоғамдық көліктерде «маска режимін» бұзған тұрғындарды анықтайтын жүйе сынақтан өткізілуде, бұл жолаушылар арасындағы әлеуметтік қашықтықтың сақталуын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, дәріханаларда дәрі-дәрмектердің қанша қалғанын анықтайтын қосымша әзірленді.
Айта кетерлігі, алматылық бағдарламашылар жасаған шешімдердің бірі еліміз бойынша қолдануға ұсынылды. Төтенше жағдай және күшейтілген карантин кезінде алматылық кәсіпкерлер үшін басты мәселе – кәсіпорындар қызметінің және қозғалыстардың шектелуі болды. Мәліметтерді жинауды, өңдеуді, сақтауды және жариялауды автоматтандыру үшін – infoalmaty.kz интегратор порталы құрылды.
Бұл жоба бизнес пен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын үйлестірудің мысалы болып табылады. Аталмыш тәжірибе бүкіл республикаға таралады.
Оқиғалардың одан әрі дамуы туралы айта отырып, Бақытжан Сағынтаев қалада пандемия жағдайында алматылықтардың өмірі мен денсаулығын сақтау жөнінде нақтылы іс-шаралар жоспары бар екенін атап өтті.
Жедел жәрдем көмегі бағытының жаңа моделі жасалды. Негізгі клиникалық-диагностикалық бағыттар бойынша штаттан тыс мамандар институты құрылды. Жалпы қалалық зертханалық желіні орталықтандыру жүзеге асырылды.
«Біз қалалықтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау жөніндегі жоспардың екінші кезеңін жүзеге асыруға өтудеміз, оған күзгі-қысқы маусымда болуы мүмкін пандемияның екінші толқынына дайындық шаралары енеді. Ошақтарды бақылау, жұқтыру тізбесін үзу бойынша жұмыстар күшейтіледі», – деп хабарлады қала әкімі.
Іс-шаралардың қатарында, бейнебайланыс арқылы өзін-өзі оқшаулау жағдайында науқастың халін бақылау және бағалауға мүмкіндік беретін Телемедициналық мониторинг пен жеңіл және симптомсыз COVID-19 жұқтырған пациенттерді қолдау орталығын құру жоспарлануда.
Сонымен қатар, амбулаториялық емдеуден өтіп жатқан КВИ жұқтырған пациенттерді қашықтықтан бақылауға арналған мобильді қосымша жасау жоспарланған.
Психологиялық көмек көрсету жұмыстары күшейтіледі.
Қолданыстағы колл-орталықтың негізінде COVID-19-дан жазылып шыққан пациенттерге және олардың туыстарына психологиялық қолдау тобын құру жоспарланған.
Қабылданған шаралар қаладағы пандемияның барысы мен дамуына әсер етуі мүмкін ықтимал қауіптердің алдын алуға бағытталған.
Әңгімені қорытындылай келе, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарын жауапкершілікке, бір-біріне құрметпен қарауға шақырды. Қаланың әдеттегі өмір ырғағына жақын арада оралуы осыған байланысты.