«Біз демалғанмен, вирус тәулік бойы демалмайды. Сол себепті бізге тыным таппай қызмет етуге тура келеді». Қалалық фтизиопульмонология орталығының дәрігерлері осылай дейді. Қызмет жолында отбасынан жырақта жүрген олардың еңбегі нағыз ерлікке пара-пар. Өйткені олар науқастардың жанын аман алып қалу үшін қауіп пен қатердің ортасына ойланбай барды. Ұлт саулығы үшін алдыңғы шепте жүрген жандар туралы толығырақ Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғынның бейнематериалында.
Коронавирус алдымен Қытайдың құтын қашырды. Кейін індетке еш шекара бөгет бола алмады. Наурыз айында біздің елімізге де жетті. Абзал Дүйсенбекұлы қазіргідей сын сағатта тәулік бойы дамылсыз жұмысын мамандық алдындағы парызым деп біледі. Аурухана олар үшін бүгінде екінші үйіне айналған. Үш баланың әкесі үйіндегілермен видеобайланыс арқылы сөйлеседі. Қазіргі эпид-ахуалдың кезең-кезеңімен тұрақталуы вируспен күресуге ерте қамдануымыз себеп болды деген пікірде.
«Басында біз симптомсыз түрін емдедік. Одан кейін жеңіл түрін, одан кейін орташа түрін емдеп, сол адамдардың отбасына, бала-шағасына қосылуына тырысып жатырмыз. Құдайға шүкір, барлығы жоспардағыдай шығып жатыр. Ары қарай да осы күресімізді жалғастырамыз», – деді Алматы қаласындағы Фтизиопульмонология орталығы инфекция бөлімінің меңгерушісі Абзал Малбасқанов.
Инна Кадышева ауруынан айығып шыққан науқастардың алғысы мен құрметі менің ең басты жетістігім дейді. Бастапқыда ауруханаға түскен науқастарда қорқыныш болатынын айтады. Бұл тұрғыда әр адамға тек өзінің ішкі сенімі ғана көмектеседі дейді дәрігер. Сырқаттанған адамды бастысы үрейленбеуге шақырады. Себебі, үрей вирусты өршітетін көрінеді.
«Біз арнайы костюмде жұмыс істейміз ғой. Бүгін бір науқасым сізді көшеден көрсем танымаймын. Сіздің көзіңізді ғана көріп тұрмын дейді. Осы секілді кейбір адамдар тіпті біздің формамызға үрке қарайды. Қорықпау керек. Ең бірінші адамға сырқаттан айығу үшін ішкі сенімі мен үміті көмектеседі», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Инна Кадышева.
Бүгінде қала бойынша 8 мыңға жуық дәрігер коронавируске қарсы күрес жолында аянбай еңбек етіп жүр. Медицинаның тірегі һәм жүрегі бола білген ақ халатты абзал жандардың бұл ерлігі ел жадында қалары сөзсіз. Олар өзегі талғандарға үміт отын жақты. Кейбіріне тіпті екінші өмір сыйлады.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы