Батыс Қазақстан облысында бекіре тұқымдас балықтарды сатумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Бұл туралы БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.
Департаменттің мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Орал қаласында бекіре балығы мен оның уылдырығын заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топты анықтады. Олар балық өнімін жалған құжаттармен қаладағы орталық базарларға әкеліп сатқан.
«Полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында 1520,55 келі бекіре балығы, 27,3 келі қызыл және 1,25 келі қара уылдырық, сондай-ақ жалпы сомасы 2 млн 705 мың теңге және 35,8 мың рубль қаражатын, оған қоса тапанша, оқ-дәрілер, электронды таразы, пышақ, дүрбіні тауып, тәркіледі. Ұсталғандар БҚО тұрғындары болып шықты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 2-бөлігіне (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.