Шығыс Қазақстан облысында биыл 5 тоннаға жуық балық аулаған браконьерлер мемлекетке 31 млн теңге шығын келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полицейлер «Өскемен-Самар» тасжолында «Газель» жүк көлігін тоқтатқан.
Анықталғандай, 44 және 41 жастағы тұрғындар жалпы салмағы 1800 келі болатын 100 қорап тірі шаянды тиісті құжатсыз тасымалдаған.
Осының салдарынан табиғатқа келген шығын сомасы 11 000 000 теңге болды.
«Олар шаянды Күршім ауданында белгісіз адамдардан сатып алып, кейін Өскемен қаласында сатуды жоспарлаған. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 335-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - делінген ақпаратта.
Осыған ұқсас екінші факті «Күршім-Үлкен Нарын» тасжолында тіркелді.
Ұлан ауданының 44 жастағы тұрғыны тізгіндеген жүк көлігінде 92 қапқа салынған жалпы салмағы бір тоннадан асатын тірі шаян табылған.
Залал сомасы 7 700 000 теңгеден асып отыр.
Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері шаянды заңсыз өндіру мен тасымалдаудың 5 фактісі тіркелді.
Ал жалпы браконьерлер биыл 5 тоннаға жуық балық аулап, 31 000 000 теңгеден астам шығын келтірген.