Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ
Атырауда есірткі сатқан 3 шетелдік 10 жылға сотталды. Қылмыстық іс сотталушылардың өтініші бойынша алқабилердің қатысуымен қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметіне сүйенсек, Өзбекстан Республикасының 3 азаматына ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігінің 1 және 3-тармағымен айып тағылған.
«Сотталушылар 2023 жылғы 11 сәуірде сату мақсатында Өзбекстан Республикасынан Атырау қаласына аса ірі мөлшерде героин есірткісін тасымалдаған. Есірткіні жалға алынған пәтерде сақтаған. Сотталушылар есірткі затын заңсыз өткізуді жасырын орынға қою арқылы жүзеге асырған. Жалға алынған пәтерді тінту кезінде аса ірі мөлшерде героин, аз мөлшерде апиын табылып, тәркіленген», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сотталушылардың кінәсі куәлардың жауабымен, сараптама қорытындыларымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, фотосуреттермен, мобильді телефонмен сөйлесу әңгімелерімен және заттай айғақтармен дәлелденген.
Прокурор сотталушыларға 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Алайда сотталушылар кінәсін толығымен мойындамай, өздерін ақтауды ұсынды.
«Алқабилердің шешімімен сотталушылар Р., Б., М. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігінің 1 және 3-тармағымен кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін есірткі тасымалдаған атыраулық жігіт 10 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.
Оқи отырыңыз: Жұмбақ жағдай: Ақтөбеде 22 жастағы қыз үшінші қабаттан құлап кетті