Жұмбақ жағдай: Ақтөбеде 22 жастағы қыз үшінші қабаттан құлап кетті

elements.envato.com
elements.envato.com
Оқиға Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша тергелуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде 22 жастағы қыз жұмбақ жағдайда үшінші қабаттан құлап кетті. Жарақаттың ауыр болғаны сонша, оған жедел ота жасауға тура келген. Бойжеткен тірі болғанмен, ертеңгі күні мүгедек болып қалуы да мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқыс оқиға Ақтөбедегі бұрынғы жатақхана аумағында болған. 22 жастағы Анна сол күні танысына қонаққа келіп, түн ортасында қайтпақ болған. Анасына хабарласып, такси шақырып беруді сұраған деседі. Алайда бойжеткен сол күйі үйіне оралмапты. Кейінірек ата-анасы оның ауыр жағдайда ауруханада жатқанын естіген. Бүгінде зар жылаған ана «қыз суицид жасауға бекінді» деген нұсқаға сенбейді.

– Қызымның бұлай істеуі мүмкін емес. Ол биіктен қорқады. Куәгерлердің әңгімесі де басқаша. Сол сәтте оның қасында болған жігіт Аннаны «өзім құлап кеттім» деп айтуға мәжбүрлеген. Ал қызым одан жедел жәрдем шақыруды өтінген. Аннаның 3 жастағы ұлы болғандықтан, оған қысым болары сөзсіз, – деді жәбірленушінің анасы Елена Галенко.

– Бейнекамера бар. Ондағы жазбада құлаған сәт көрінбейді, дегенмен неше адам болғаны түскен. Мұны полиция бөлімінде жігіттерге де көрсетіп, дәлелдедім. Алайда олар «куәгерлер бар» деп басын алып қашады. Мен содан күдіктеніп отырмын. Өйткені олар айтқан куәгерлері – жақын араласатын таныстар, – деді жәбірленушінің әкесі Иван Косихин.

Жерге оңбай құлаған қыздың ыңырсыған даусын сол сәтте 1-қабаттағы тұрғын естіген. Үсті қан-жоса адамды көрген ол бірден жедел жәрдемге хабар берген.

– Құлағыма бір қап лақтырғандай естілді. Кейін терезені тарс жапқан дыбыс шықты. Бұл өзіне-өзі қол салғанға ұқсамайды. Қыз өзін біреу итеріп жібергендей халде жатты. Бірнеше жері сынған. Қайта жедел жәрдем жылдам жетті. Ал полиция ұзақтау жүрді. Мекенжайды таппай адасқан, – деді куәгер.

Оқиға Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша тергелуде.

– Осы оқиғаға қатысы бар деген тұлғалар анықталды. Полиция бөліміне жеткізілді. Олардың қатысуымен қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деді Полиция басқармасының бастығы Асет Қалиев.

Жапа шеккен азаматқа жедел ота жасалған. Бүгінде ол жансақтау бөлімінен травмотологияға ауыстырылыпты. Өміріне қауіп жоқ.

– Толық ем алып жатыр. Қолына тағы ота жасалады. Бәрі жақсы болса жүреді. Ауруханаға түскен кезде бірден жамбасына ота жасалды, – деді облыстық көпсалалы аурухананың травматолог дәрігері Жасұлан Үрімбаев.

«Науқас есін жиған» дейді дәрігерлер. Ол өз туыстарына отырыста оған ер адамдар қырындап, пәтерден шығармай қыспаққа алғанын айтқан. Сондай-ақ жапа шеккен қыз өмірмен қош айтысуды ойламаған да көрінеді. Себебі үйінде күткен туған ұлы бар.

Оразай Нұртайұлы, Лейла Әуесова, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісі: Салтанат ажал құшқан күні экс-министр бірнеше адаммен сөйлескен

Новости партнеров