Алматы облысында электр тогымен балық аулап отырған браконьерлер қашып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейн инспекциясының Төменгі Іле балық инспекциясының мемлекеттік инспекторы «Майтан» ЖШС қорықшысымен бірге Іле өзенінде бірлескен рейд жүргізген.
Рейд барысында тыйым салынған электр тогын қолдана отырып заңсыз балық аулау дерегі анықталды.
6 адам үш моторлы қайықта браконьерлікпен айналысқан.
Мемлекеттік инспектор күдіктілерді ұстауға әрекет жасағанда, олар қарсылық көрсетіп, инспектордың қайығын суға батыруға әрекет жасап, оқиға орнынан қашып кеткен.
ҚР Қылмыстық кодексінің 380-1-бабында көзделген құқық бұзылды, яғни бұл мемлекеттік инспектор мен қорықшының қызметтік міндетін орындау кезінде олардың өміріне қолсұғу болып табылады.
Олар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Алматы облысы Балқаш ауданының полиция бөліміне 2023 жылғы 6 сәуірде ұстау кезінде қарсылық көрсету, қызметтік міндетін атқару кезінде лауазымды адамдарға шабуыл жасау және заңсыз балық аулау фактілері бойынша іс жүргізу шешімін қабылдау үшін өтініш берілді.
Бұл мәселе ҚР ЭТРМ Балық шаруашылығы комитетінің бақылауына алынды.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында бала күтуші 2 жасар сәбиді өлтірді деген күдікке ілінді