Астана тұрғыны Корей Республикасының азаматын алдап кеткен, – деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. Есіл ауданы ПБ полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде алаяқтық жасады деген күдікпен 21 жастағы қала тұрғынын анықтады. Тергеу барысында жас қыздың әлеуметтік желі арқылы елордалық жоғарғы оқу орнының студенті – Корей Республикасының азаматымен танысқаны белігілі болды.
Бірнеше күн бірге уақыт өткізген екеуі таныстығын жалғастыру үшін сол жағалаудағы қонақүйге барған. Жас жігіттің сеніміне кірген қаскүнем телефонының қуаты таусылғанын сылтауратып, одан интернет желісін пайдалану үшін телефонын беруін өтінген.
Осылайша, жігіттің байқамай тұрғанын пайдаланып, банк қосымшасы арқылы өзінің шотына ақша аударған. Келесі күні қыз кетіп қалғаннан кейін ақшасының жоғалғанын байқаған жәбірленуші полицияға жүгінген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, бойжеткеннің бұрын жасалған осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Оқи отырыңыз: Қоғамдық мүлікті бүлдіргендер 2 жылға сотталады