ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Фитосанитария» ШЖҚ РМК бас директоры лауазымды өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
- Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің «Фитосанитария» ШЖҚ РМК бас директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, - делінген мәліметте.
Мекеме басшысы белгіленген тыйымға қарамастан кәсіпкерлік ұйымды құрып, оны басқарған. Онымен қоса, кәсіпкерлікке 2022 жылдың маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін «Фитосанитария» ШЖҚ РМК Алматы облыстық филиалына тиесілі үй-жайды тегін беріп келген.
- Күдіктінің іс-әрекетінен мемлекетке келтірілген залал құны 7,4 млн теңгені құрады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - делінген ақпаратта.
Антикор еске салып өткендей, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін күдікті кінәсіз деп есептеледі.
Оқи отырыңыз: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германияның іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты