Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке пышақ мен балта алып барып, үш баланы жарақаттады. 15 жастағы жеткіншек былтыр қыркүйек пен қараша айында психдиспансерде ем қабылдаған. Қазір зардап шеккендер облыстық ауруханада жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жантүршігерлік жәйт бүгін таңертең Петропавлдағы №4 мектепте болды. Сабаққа балта мен пышақ ала барған 9-сынып оқушысы дәлізде 2 ұл мен 1 қыздың басы мен білегіне жарақат салған. Жапа шеккендердің біріне мектеп ішінде дереу медициналық көмек көрсетіліпті.
«Маған мектептен қоңырау шалып, төтенше жағдай болғанын айтты. Балаңыз басына балтамен соққы алды. Уайымдамаңыз, барлығы жақсы, жедел жәрдем келді деді. Балама қазір ота жасалып жатыр. Мен оны әлі көрмедім, не болғанын білмеймін де», – деді ата-ана Галина Бейсекеева.
Кәмелетке толмаған оқушы бұған дейін психологиялық есепте тұрған. Бірінші тоқсанда психидиспансерде ем қабылдаған. Мектепке екінші тоқсанның ортасында ғана келіпті. Десе де, инклюзивті емес, қалыпты оқу бағдарламасымен білім алып жүрген. Ал мекеме басшылығы соңғы кездері оқушы мектеп психологына жүгінгенін айтады.
«Ол бүгін таңертең мектепке тыныш кірді. Екінші қабаттағы дәретханаға көтеріліп, маска киіп, киімін ауыстырған. Кейін бірінші сабаққа кірейін деп жатқан балаларға шабуыл жасады. Біз ести сала, жоғарыға көтерілдік. Ол үнсіз қабырғаның жанында тұрды. Өзін сабырлы ұстады», – деді №4 мектеп директорының орынбасары Алмагүл Қасымова.
Қазір оқиға орнында дереу тергеу жұмыстары басталды. Прокуратураның мәлімдеуінше, жасөспірім 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Осы факті бойынша Қылмыстық Кодексінің 1.14-тармағының 2-бөлігі 99-бабы бойынша іс қозғалды. Қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша, яғни кісі өлтіруге оқталу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған оқушы ұсталды. Онымен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Психикалық ауытқуы бар баланың неге басқалардан бөлек оқымағанын сотқа дейінгі тергеу барысында анықтаймыз», – деді Петропавл қаласының прокуроры Арман Нұртазин.
Ал дәрігерлер әзірге зардап шеккен балалардың жағдайына қатысты ақпарат бермеді. Ата-аналардың рұқсатынсыз ештеңе айта алмайтындарын жеткізді. Қазір тергеу шаралары жалғасуда. Білім ордасы жұмысын тоқтатқан жоқ. Алайда, балаларының өміріне алаңдаған ата-аналар оқушыларды сабақтан алып кетіп жатыр.
Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы