Алматыда жаппай төбелеске қатысушылар иісшіл иттің көмегі арқылы анықталды. «Агат» атты қызметтік-іздестіру иті оқиға орнында қалған қан арқылы күдіктілерді тауып берген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төбелес Жандосов пен Әуезов көшелерінің қиылысында орналасқан үйлердің ауласында болған.
«Оқиға орнына алдымен патрульдік экипаж келді. Содан кейін біз тергеу-жедел тобының құрамындамыз. Көшеде қанға боялған үстелдің аяғы, асхана пышағы, қан төбелестің іздері анықталды. Ит ізін сезіп, жақын жердегі үйдің пәтерлерінің біріне апарды. Есік ашық болды. Ішінде алты ер адам болды, біреуі құлағынан жараланған», – деді Алматы қалалық ПД ОКҚ кіші инспектор-кинологы Ерболат Көктал.
Жаппай төбелес ұйымдастырған бір топ адам пышақтан бөлек, атыс қаруын да қолданған.
Полиция қызметкерлері ұсталғандардың бірінен кесілген аңшы мылтығы мен пышақ тәркілеген. Киімі мен қолында қан ізі қалғанына қарамастан, төбелеске қатысқанын мүлде жоққа шығарып отыр. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Қылмысқа қатысушылар ұсталды. Кімнің қару қолданғанын Бостандық аудандық полиция Басқармасында басталған әрі қарай тергеу амалдары барысында анықталатын болады», – деді Алматы қаласы ПД ЖПҚБ патрульдік полиция Полкінің инспекторы Асқар Жырғалбай.