Шымкент полицейлері алаяқтардың сall-орталығын анықтады

 Polisia.kz.
Polisia.kz.
Интернет-алаяқтар туралы арызымен полицияға Абай ауданының тұрғыны жүгінді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкент полицейлері алаяқтардың сall-орталығын анықтады. Кеңседе 561 адамның анкетасы табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Интернет-алаяқтар туралы арызымен полицияға Абай ауданының тұрғыны жүгінді. Арызданушының айтуынша, оған белгісіз нөмірден ер адам қоңырау шалып, құны 12 миллион теңгені құрайтын жаңа Hyundai Accent автокөлігін ұтып алғанын хабарлап, құттықтаған. Қоңырау шалушы өзін тұтынушылар арасында ұтыс ойынын өткізіп жатқан желілік компанияның қызметкері ретінде таныстырған. Оператор жеңімпазға басты ұтысын алу үшін белгілі бір сайт арқылы оның көрсеткен шотын толтыру қажеттігін айтқан. Осылайша сенгіш азамат 4 миллион теңгеден астам шығынға ұшырады. 

Аталған жайт бойынша тергеушілер СДТБТ-ға ҚК-нің 190-бабымен қылмыстық іс тіркеді. 

Күдіктілерді анықтауға Шымкент ПД криминалдық полиция басқармасының интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі жедел-тергеу тобы жұмылдырылды. Қаскөйлердің ізі Таразға әкелді, бұл қала аумағында жедел уәкілдер олардың "кеңсесін" анықтады. Нәтижесінде сегіз адамнан тұратын киберқылмыскерлер тобы ұсталды. Арасында ең үлкені – 28 жаста, кішісі – 18 жаста. Ұсталғандардың барлығы бұрын түрлі желілік дүкендердің call-орталығында оператор қызметін атқарғандары анықталды. 

Жұмысқа арналған орынды топ бизнес-орталықтардың бірінен жалға алған. Кеңседен 19 мобильді құрылғы, 13 ноутбук, жалған құжаттарды басқаруға және ақша қаражатын есептеуге арналған жүйелік блок, жәбірленушілермен сөйлесуге арналған жадынама және 561 адамның анкеталық тізімі табылып, тәркіленді. Қазіргі таңда қалалық полиция департаменті алаяқтық топтың арбауына алданған басқа да тұлғаларды анықтауға бағытталған іс-шараларды жүргізіп жатыр. Тәртіп сақшылары жәбірленушілердің тек Шымкентте ғана емес, бүкіл ел бойынша болу ықтималдығын атап өтті.

Новости партнеров