|
26.08.2022 | 11:50
9930

Алматыда көлік ұрысының кесірінен бір адам қаза тапты – видео

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Алматыда көлік ұрысының кесірінен бір адам қаза тапты –  видео Almaty.tv

Алматыда көлік ұрысының кесірінен бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

ПД Анықтау басқармасының хабарлауынша, бұрын бірнеше рет сотталған 22 жастағы Р. есімді азамат Ақсай ықшамауданындағы үйлердің бірінің ауласынан Mazda көлігін ұрлап кеткен, содан кейін тағы бірнеше қылмыс жасаған.

"Дәлірек айтсақ, Алатау ауданындағы тұрғын алабында қаскөй түнгі уақытта үш көліктің аккумуляторларын ұрлап кеткен. Ал таңғы алтыда ол адам өліміне әкеп соққан апатқа ұшырады. Көлік ұрысы Саина көшесімен солтүстік бағытта келе жатып Абай даңғылымен қиылысқанда Toyota Corolla және Kia Rio көліктерімен соқтығысқан. Соққы салдарынан Kia Rio инерциямен кедергіге соқты. Бұл көлікті 52 жастағы ер адам басқарған. Өкінішке қарай, ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды", – деді Алматы қалалық ПД Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.  

Видеоны көру үшін сілтемеге өтіңіз. 

Көлік ұрысын патрульдік полиция қызметкерлері қолға түсірді. Белгілі болғандай, Mazda көлігінің иесі өз көлік құралының ұрланғанын білмеген: көліктің өз үйінің ауласында екеніне сенімді болған.

"Адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасына қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігіне (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сәйкес, сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу сонымен қатар, бөтен көлікті заңсыз иелену, бөтеннің мүлкін ұрлау деректері бойынша да жүргізілетін болады. Күдікті ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді Шәріпов.  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир