Алматы облысында әйел 10 жасар баласын пышақтап тастады

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Оқиғаның мән-жайы әлеуметтік желідегі парақшада жарияланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында 37 жастағы әйел 10 жасар баласын пышақтап тастаған. Өтеген батыр ауылының тұрғыны жеткіншекті ас бөлмеде 16 жерінен жаралап, тамағын кесіп үлгерген. Немересінің қансырап жатқанын көрген атасы бірден жедел жәрдем шақырыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, зардап шеккен баланың қатыгез анасы есік алдын шаштараз етіп жасақтап, жалға беріп, күнделікті нәпақасын табатын көрінеді. Алайда қазір мұнда ешкім жоқ, ал пәтердегілер тілшілерге сұхбат беруден бас тартты.

Көршілердің айтуынша, әйел адам соңғы 2-3 күнде біртүрлі мінез танытып, өзін Tik-Tok әлеуметтік желі кейіпкерлерінің өлтіргісі келетінін айтып, көмек сұрапты. Содан 2 күн бойына үйінен шықпай қойған көрінеді.

«Осыдан 1 күн бұрын кешке көршілерді жинап, көмек сұраған еді. Tik-Tok туралы біртүрлі әңгімелер айтты. «Бүкіл әлемге қауіп төніп тұр, мені, балаларымды біреу өлтіргісі келеді» деді. Оған қоса, «бұрын қайтыс болған әкемді өлтірген адамды таптым, тәртіп сақшыларын шақырыңдаршы» деді», – дейді көрші Виталина Добролюбова.

Ал анасы өз қолымен пышақтап тастаған жеткіншек Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оған дәрігерлер 1,5 сағат бойы ота жасаған. Қазір науқастың жағдайы ауыр.

«Мойын аймағында қалқанша безі мен кеңірдектің зақымдалуы бар. Ол жаралардың бәрі тігілді. Ота жасалынды. Отадан кейінгі қойылған диагноз – мойын, арқа тұсы және сол жақ қол тұсында кесілген, сұғылған пышақ жарақаттары. Бірінші, екінші дәрежелі травматикалық шок. Бала бүгінгі таңда жансақтау бөлімінде жатыр. Баланың жағдайы тұрақты ауыр», – деді Алматы аймақтық балалар клиникалық аурухана директорының орынбасары Асқар Қалиев.  

Облыстық Полиция департаментінің мәлімдеуінше, қазір баланың анасына қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Оған сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.

Заттай дәлелдемелер мен қылмыс құралы – пышақ тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына қосылды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 106-бабына сәйкес, яғни «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды», – деді облыстық ПД баспасөз қызметінің ресми өкілі Ақбота Әзірбек.

Психолог мамандар 37 жастағы келіншекте психологиялық ауытқу болуы мүмкін дейді. Шынайы өмірдегі қиындықтықтарды қабылдағысы келмегендіктен, өз қиялында өмір сүрген деген болжам айтты.

«Бұл әйелде параноидты психоз болуы ықтимал. Тұрмыстық жағдайдың қиындығы, жақындарының қолдау көрсетпеуі де осындай қайғылы жағдайға әкеп соқтырады. Онсыз да қиын кезде тұтынатын контент те өте нашар әсер етуі мүмкін. Сондағы кейіпкерлер жанында жүргендей сезінуі мүмкін», – деді психолог Лариса Тютенькова.

Өз кезегінде психолог мамандар әлеуметтік желідегі күдік тудыратын дүниелерге әуестенбей, олардан аулақ болуға шақырады.

Жанар Ғаниқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров