Шымкенттің екі тұрғыны жалған купюралар мен есірткі заттарын сатуға тырысқан. Осы факті бойынша тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында қара-жасыл түсті өсімдік тектес зат тәркіленді. Ол – жалпы салмағы 5 кг болатын «гашиш» есірткі заты.
«Аталған азамат жалған 10 000 АҚШ долларын (100 дана номиналымен 100 АҚШ долларын құрайтын банкноттар) сату барысында ұсталды. Сондай-ақ жедел іздестіру шарасын өткізу барысында оның сыбайласы анықталды, одан 13 100 жалған АҚШ доллары табылып, тәркіленді», - деп хабарлады ҚМА.
Сыбайласының тұрғылықты жерін тінту барысында салмағы шамамен 1 кг гашиш табылып, тәркіленді.
Сот үкімімен аталған адамдар кінәлі деп танылды, 11 жылға және 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды.