Алматыда L-Капитал компаниясының басшысы ұсталды

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Компанияның кеңселерінде санкцияланған тінтулер жүргізілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда L-Capital компаниясының негізін қалаушы  ұсталды. Өткен аптада қаржы пирамидасына ақша салып, сан соғып қалған қала тұрғындары туралы эксклюзивті материал берген едік. Арнамыздан өткеннен кейін қалалық полиция департаменті компанияға тексеру жұмыстарын бастаған болатын. Арада көп уақыт өтпей бүгін тың деректер белгілі болды. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғынның репортажы.

Тұрғындар «ақшаңызға бірнеше пайыз үстемақы қосып қайтарамыз» дегенге сеніп, тапқан-таянғандарын күмәнді ұйымға салып отырған. Бірі ол үшін миллиондап несие алса, енді бірі басындағы баспанасын сатыпты. Өздері ғана емес, таныстары мен туыстарын да үгіттеген.

«Мен осы қаржылық ұйымына ақша салу үшін қаланың ортасындағы екі бөлмелі үйімді сатып, ақшасын осында салдым. Пәтердің құны 50 мың доллар. Қазір бала шағамызбен жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз, жұмысымыздан да айырылдық», – деді Рысбек Тайжанов.

Алаяқтарға алданған жұрттың жоғалтқан қаржысы да әртүрлі. Айтса адам сенгісіз. Салымшылардың құйған ақшасы миллион теңгеден бастап, 600 милиилонға дейін жетеді екен. Соның бірі – Әлия Әлімбаева. Жас отбасының баласы сырқатқа шалдығып, ота жасау керек болады. Олар компанияға екі миллион ақша салып, үстінен түскен қаржыға баласын емдетпек болыпты. Ақыр соңында бір тиынсыз қалдық деп күйініп отыр.

«Несие алмақ болып едік, бермеді. Сөйтіп, таныстарымыздан осы жерді естіп келдік. Ақшамызды еселеп алып, емге жұмсаймыз деп отырғанда олардың алаяқ екенін білдік», – деді салымшы Әлия Әлімбаева.

Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, қаржы ұйымының басшысы ұсталды. 59 жастағы әйел қазір уақытша қамау изоляторына тоғытылған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Салымшылардың ұжымдық мәлімдемелеріне сәйкес, ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы, 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ведомствоаралық тергеу-жедел тобы құрылды. Компанияның кеңселерінде тінту жүргізілді. Нақтылық, объективтілік және жан-жақтылық қағидаттарын қатаң сақтай отырып, жүргізілген тергеу әрекеттері кешені барысында істің мән-жайлары анықталады, сонымен қатар процессуалдық шешім қабылданады», – деді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Графика:

Тел: 8-701-624-28-24;

        8-702-626-77-97;

Өкінішке қарай, бұл қаржылық пирамиданың құрығына түскендердің бір бөлігі ғана. Тергеу кезінде алаяқтар құйтырқы әрекеттерін Алматыдан бөлек, еліміздің өзге де өңірлерінде іске асырғаны анықталды. Ал, қалалық полиция департаменті өз кезегінде L-Капитал компаниясынан зардап шеккен өзге да адамдар болса, төменде көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарласуын сұрайды.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров