Алматыда қонақүйлердің бірінен ұялы телефондар, пышақ және есірткі заттары тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қаладағы қонақүйлердің бірінен 22 ұялы телефон, үш пышақ және есірткіге ұқсас зат салынған бума тәркіленді.
«Жаппай тәртіпсіздіктерден кейін үш күдікті, оның ішінде бір әйел қонақүйде бөлме жалдап тұрды. Табылған пышақтар 5 және 6 қаңтарда тоналған қару-жарақ сататын дүкендерге тиесілі болуы мүмкін. Сондай-ақ түрлі маркалы 22 ұялы телефон да электроника дүкендерінен ұрланған болуы мүмкін. Сонымен қатар, ұнтақ түріндегі, ашық түсті және ерекше иісі бар заты бар полиэтилен байламы табылды. Ішіндегі заттардың тиесілігін анықтау үшін сот-химиялық сараптама тағайындалды», – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.