Қызылорда облысында тоғызыншы сынып оқушысын аяусыз тепкіге жыққан 5 балаға қылмыстық іс қозғалды. Мектептегі төбелес осыдан үш күн бұрын болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Салдарынан таяқтың астында қалған жасөспірім жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер қазір оның жағдайы бірқалыпты деп отыр. Ал кәмелетке толмаған баланы жабылып соққыға жыққан Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейінің оқушылары екені анықталған. Қазір олар уақытша қамауға алынып, үстерінен қылмыстық іс қозғалды.
«Білім басқармасы немесе құқық қорғау органдары ғана толығымен жояды немесе күрделі тамырына балта шабады деген ойдан аулақ болғанымыз дұрыс. Біз қоғаммен, ата-ана рөлін айтып отырмыз. Ол жерде инспектор төртеу-ақ, бүкіл аумақты қамтып жабу мүмкіндігі шектеулі. Дегенмен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мойындаймыз, кемшілік бар, сол кемшіліктермен жұмыс жасайтын боламыз», – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Шамшидин Амитов.
Осы оқиғадан соң аталған білім мекемесінің басшысы мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтен босатылды. Мұнымен қоса, 10 полиция қызметкеріне тәртіптік жаза қолданылды. Облыстық білім басқармасы аймақтағы барлық мектепте тәрбие жұмыстарын күшейтіп, тәртіп мәселесіне көңіл бөлуді тапсырды.
«Қазалы ауданында ғана емес, облыстағы білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту, тәртіп мәселесіне көңіл бөлу, ата-аналар комитетінің, аналар мектебі, әкелер мектебі секілді балалармен тығыз жұмыс жасайтын қоғамдық ұйымдардың жұмысын күшейту жөнінде тиісті тапсырмалар берілді», – деді Білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбетов.