Түркістанда 10 келіден аса есірткі затын тасымалдаған такси жүргізушісі ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тәртіп сақшылары «Қарасора – 2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолында кетіп бара жатқан Audi автомобилін тоқтатқан. Тінту кезінде көлік салонынан «кептірілген марихуана» тәркіленіпті. Кейін күдіктінің бұрын-соңды сотталған Жамбыл облысының тұрғыны екені және жеке тасымалмен айналысқаны белгілі болды. Қазір ер адам қамауда, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
«Автокөлікті тінту барысында 1 қап және 1 полиэтилен пакетке оралған өзіне тән хош иісі бар есірті затына ұқсас заттар тәркіленіп алынған болатын. Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімімен ҚР ҚК 296-бабы, 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Әділет Әметбеков.