Семейде қаруланған ер адам қолға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тәртіп сақшылары әу баста күдікті отырған көлікті жылдамдық асырғаны үшін тоқтатқан екен. Қала көшелерінде ережені өрескел бұзған темір тұлпар бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Содан кейін ғана патрульдік экипаж ізіне түсіп, қуып жетіп, алдынан бөгеген. Тексеру кезінде қару ұстаған жолаушы қорыққан болу керек, қолындағы атыс құралын бұталарға лақтырып жіберіпті. Полиция дерегінше, тергеу тобы күдіктіден тапаншамен бірге оқ-дәрілер де тәркілеген. Ал көлік жүргізушісі айыппұлмен құтылған.
«36 жастағы ер адамға қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі, яғни, атыс қаруын, патрондарды заңсыз иемдену және алып жүру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті деп танылған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал жол ережесін бұзған көлік жүргізушісіне 7 әкімшілік хаттама толтырылды», – деді ПД анықтау басқармасы бастығының орынбасары Әсет Әбілқасымов.