|
16.10.2020 | 19:38
5442

Алматыда банктердің біріне шабуыл жасалды

Алдын ала берілген ақпар бойынша, жапа шеккендер жоқ

Алматыда банктердің біріне шабуыл жасалды  стоп-кадр

Алматыда Каспий банк тоналды. Қолдарына балта ұстаған белгісіз біреулер бөлімшеге кіріп келіп, қомақты қаржыны қолды қылған. Оңай олжаға кенелгісі келгендер қанша қаражат жымқырды? Зардап шеккендер бар ма? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек оқиғаның қалай болғанын баяндап береді.

Беттерін медициналық маскамен тұмшалаған екі ер адам бөлімшеге кіре сала адамдарға жатуды бұйырады. Қолына балта ұстаған біреуі кассаның терезесін шаға бастайды. Ішке енген соң валюталарды сөмкесіне салып жатқаны бейнебақылау камерасынан анық көрініп тұр. Қаскөй банк қызметкеріне сейфті аш деп пәрмен бергені естіліп жатыр.

Күдікті ақша алып жатқанда, банк қызметкері дабыл тетігін бірнеше рет басып үлгереді. Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

«Жұмыс күні аяқталып жатқандықтан, бөлімшеде клиенттер болмаған. Белгісіз екеу қарумен қорқытып алдын-ала мәлімет бойынша 2 млн теңге алып кеткен. Қуанышқа орай қызметкерлер зардап шеккен жоқ. Дабыл тетігі басылғаннан кейін полиция келген. Kaspi.kz қауіпсіздік қызметі құқық қорғау органдарымен тығыз қатынаста жұмыс істеуде. Қылмыскерлер табылып, заң бойынша жазасын алады», – деді KASPI.KZ баспасөз хатшысы Ербол Азанбек.

Тәртіп сақшылары қылмыстық істің қозғалғанын айтады. Тіпті, білікті мамандардан құралған арнайы топ жасақталыпты. Тергеу барысы Алматы қаласының бас полицейінің қатаң бақылауында.

«Аталмыш дерек соталды бірыңғай реестрде қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-тармағы бойынша тіркеліп, арнайы тергеу тобы да құрылған болатын. Оның құрамына өте тәжірибелі ізкезушілер енді. Қазіргі таңда осы қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталуда. Олар міндетті түрде ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек .

Банк бөлімшесі дәл қазір жұмыс істеп тұрған жоқ. Есіктің сыртына: жөндеу жұмыстары байланысты бүгіннен бастап қызмет көрсетілмейтіні жазылған. Ғимарат ішіндегі тек банкомат пен терминал ғана іске қосылған.

Еске салайық, Алматыда каспий банк бөлімшесі бірінші рет тоналып тұрған жоқ. 2017 жылы Алматы облысындағы бөлімшесіне ұрылар қол сұққан еді. Ол кезде сұғанақтар бар-жоғы 2 минуттың ішінде банк қызметкерлерінің қол-аяғын байлап, шамамен 40 миллион теңгені үптеп кеткен болатын. Ал кеше қарақшылар ресми ақпарат бойынша 2 миллион теңгені қолды қылған.

Өмір Әнуарбек, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир