|
18.10.2023 | 13:38
2245

Биыл 500-ге жуық кәріз құдығының қақпағы ұрланған

Бұл іске қатысты 14 қылмыстық іс қозғалған

Биыл 500-ге жуық кәріз құдығының қақпағы ұрланған Almaty.tv

Алматыда 7 айдың ішінде кәріз құдықтарының қақпағын қолды қылғандарға қатысты 14 қылмыстық іс қозғалған. Оның төртеуі тергеліп біткен. Мұны қалалық Полиция департаментінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аузы ашық жатқан кәріз құдығының қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Байқауызда құлап кетіп жатқандары қаншама? Көлік жүргізушілерінің айтуынша, жол бойында орналас кәріз құдығы кептелістің туындауына себеп болады. Ең сорақысы, қақпақты ұрлап, кедергіні  қолдан жасайтындардың әрекетінін халық зардап шегеді.

– Кәріз құдығының қақпасын енді көрдім. Мыналардың бәрін жамау керек, сияқты. Өйткені қаланың ішінде жүру мүмкін емес, – деді көлік жүргізушісі Нұрлан Ақбергенов.

Медеу аудандық әкімдік өкілдері әсіресе арыққа арналған люктердің жиі ұрланатынын айтады. Талайын анықтап, істі полицияға жолдапты.

– Медеу ауданы бойынша көбінесе арыққа арналған люктердің жоғалуы фактісі туындаған. Ол бойынша Медеу ауданы ІІБ жұмыс жасап жатыр. Барлық құбыр жүйлерінің қақпақтарын ауыстырып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз, – деді Медеу аудандық Көріктендіру бөлімінің басшысы Есбол Күребай.

Ал мониторинг жұмыстарын жүргізген Түрксіб ауданының әкімдік өкілдері ашық жатқан кәріз құдығының қақпағын темір қабылдау орнынан тауыпты. Енді ұрлықты тыю үшін басқадай берік жабындылар орнатпақ екен.

– Аудан бойынша металл қабылдайтын орындарға рейд жүргіземіз. Арыққа жаңбыр жауғанда төртбұрышты қақпақ қойылады ғой, соларды қабылдайды. Жыл басынан бері 40 шақты қақпақ жоғалған, – деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Айдос Бекетаев.

«Алматы су» мекемесінің мамандары құдықтардың жиі ұрланатынын растап отыр. Жыл басынан бері 500-ге тарта люк қолды болыпты. Ал оны қалпына келтіру үшін кемінде 3-4 адам жұмылдырылады.

– «Алматы су» мекемесіне тиесілі 119 мың құдық бар. Олар екіге бөлінеді. Дөңгелек және төртбұрышты. Осы жылы жоғалаған 450 қақпағын ауыстырдық, – деді  «Алматы су» МКК баспасөз хатшысы Ақбота Жылысова.

Бұл тұста құзырлы орган өкілдерінің де келтірген мәліметі бар. Ұрланған қақпақ табылатын темір өткізу орындарының иесіне де ескерту берілген. Енді олар да жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

– Ағымдағы жылдың жеті ай көлемінде 7 арыз қабылданды. Жеті кәріз құдығы мен жеті су құбырының қақпағы ұрлау бойынша қылмыс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Қазір төртеуі ашылды, – деді Полиция департаменті баспасөз қызметі бастығының орынбасары Еркін Өтегенов.

Құбыр жөндеушілер мен авариялық апат қызметі азаматтардың қала мүлкіне жауапкершілікпен қарауын сұрайды. Өйткені ашық жатқан қақпақтан келер қауіп көп.

Әлібек Шынтемір, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыздар: Атырауда өзенге батқан көліктен екі адамның денесі табылды


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир