Дизайнер Bisen-нің өліміне айыпталушыға үкім шықты. Іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Сот Дүйсенғалиевті ҚК 99-бабы 1-бөлігі «Кісі өлтіру» бойынша кінәлі деп таныды.
«Сот үкімімен С. Дүйсенғалиев 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Дүйсенғалиев қаза тапқан жігіттің отбасына 10 миллион теңге моральдық залал өтеуге міндетті», – деп шешті судья.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, оған шағымдануға болады.
Бұған дейін прокурор айыпталушының қамау мерзімін қысқартуды сұраған болатын. Сотталушы С. Дүйсенғалиев марқұмның отбасынан кешірім сұрап, жасаған ісіне өкінетінін айтты.
Еске салайық, дизайнер өліміне күдікті ретінде Алматыда 1991 жылы туған ер адам ұсталды. Ол марқұм кездескен қыздың ағасы. Күдікті қарындасы мен дизайнердің кездесуіне қарсы болғандықтан оны ұрып-соғып, өлтіргенін мойындады.
2020 жылы 18 қазанда әлеуметтік желілерде танымал қазақстандық дизайнердің қайтыс болғанын рэп орындаушысы Hiro, сондай-ақ «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов жариялады.
Куәгердің айтуынша, бәрі ауладағы жанжалдан басталған. Соңы төбелеске ұласып, көп ұзамай қарсыластардың бірі құлап, оқиға болған жерде қайтыс болады. Ал екінші адам қашып кеткен.
«Пәтерінің терезесінен қарап тұрған куәгер «102» пультіне қоңырау шалып, аулада төбелес болып жатқанын хабарлады. Нәтижесінде олардың біреуі сол жерде құлап, екіншісі қылмыс орнынан қашып кеткен. Оқиға орнына келген дәрігерлер ер адамның қайтыс болғанын хабарлады. Оның жеке басы бірден анықталды. Ол 1989 жылы туған азамат», – деп хабарлады Алматы ПД баспасөз қызметі өкілдері.
Сәбит Сырахан – танымал streetwear бренд дизайнері. Оның киімдерін көптеген рэп орындаушысы мен хип-хоп мәдениеті өкілдерінен жиі кездестіруге болады.