Ол 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Петропавлда мектепке балта ала барып, сыныптастарына зақым келтірмек болған балаға қатысты сот ісі басталды. № 4 мектептің 9 сынып оқушысына кісі өлтіруге оқталды деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кәмелетке толмаған бала 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, атышулы оқиға ақпанда болған. Мектеп оқушысы білім беру мекемесіне балта мен пышақ апарып, сыныптастарына шабуыл жасаған. Салдарынан жарақат алған 3 бала ауруханаға жеткізілді. Қазір зардап шеккендердің жағдайы жақсы. Күдікті бірден қамауға алынған.
– СҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына кәмелетке толмағандарға қатысты ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі, 99-баптың 2-бөлігі 1,9,14-тармақшасымен кісі өлтіруге оқталу бойынша қылмыстық іс келіп түсті. Күдікті кәмелетке толмағандықтан сот жабық режимде қаралады, – деді СҚО Сот әкімшілігі департаменті баспасөз қызметінің басшысы Динара Төленгітова.
Оқи отырыңыз: Астанада төрт жігіт биіктен құлап кетті: екеуі көз жұмды