|
13.10.2023 | 13:07
3784

Астанада төрт жігіт биіктен құлап кетті: бір альпинист ауруханада көз жұмды

ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

Астанада төрт жігіт биіктен құлап кетті: бір альпинист ауруханада көз жұмды Иллюстративное фото: Almaty.tv

Астанада биіктен құлап кеткен тағы бір альпинист ауруханада көз жұмды. Тағы екі жігіттің жағдайы әлі де ауыр, оларға дәрігерлер ота жасады. Ал болған жағдайға қатысты әкімдік жанынан комиссия құрылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

9-қабаттан құлаған 4 өнеркәсіптік альпинистің біреуі оқиға орнында жедел жәрдем келгенше жан тәсілім етіпті. Ал қалған 3 жігіт №2 қалалық ауруханаға жеткізілген. Бірақ 24 жастағы жігіт ота жасалғаннан кейін бірнеше сағаттан соң көз жұмған. Дәрігерлер екі зардап шегушінің жағдайы тым ауыр екенін жеткізді.

– Бүгінгі жағдай бойынша 1999 және 2002 жылы туған екі зардап шегуші жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр. Негізі ауруханаға түскендерге көптеген жұмсақ тіндердің жарақаты, қабырға, жамбас сүйегінің жабық сынуы, ішкі ағзалардың зақымдануы, жоғары дәрежелі шок және травматикалық жағдай диагнозы қойылды, – деді №2 көпсалалы аурухананың травмотология бөлімінің меңгерушісі Ермек Әубәкіров.

Өнеркәсіптік альпинистер Астанаға нәпақа табу үшін Ақмола облысынан келген. Құрылыс алаңындағы оқыс оқиға бойынша қазір полицейлер қылмыстық іс қозғап, мән-жайды анықтап жатыр.

– Құрылыс алаңында жұмысшылардың құлауы фактісіне орай Астана қаласы Полиция департаменті ҚР ҚК 277-бабы, 3-бөлігі бойынша құрылыс жұмысын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамағаны үшін сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Нәтижесінде  жұмысшы қаза тауып, екеуі ауруханаға түскен. Қазіргі уақытта бірқатар сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Полиция департаменті тергеу бөлімінің басшысы Ринат Жұмахметов.

Оқиға болған «Алтын бесік» тұрғын үй кешенінде мүлкіген тыныштық. Барлық құрылыс жұмысы тоқтатылған. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, апатты тексеру үшін арнайы комиссия құрылған. Нәтижесі бойынша апаттың себептері мен жауапты тұлғалар анықталатын болады. Тергеу қорытындысы бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Полиция департаментіне жолданады.

Еске салайық, 12 қазанда Астанада төрт құрылысшы биіктен құлады. Олардың бірі алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмды

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Мешітте ұрлық жасаған ер адам ұсталды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир