«Дикий Арманның» қылмыстық тобының 80-нен астам мүшесі ұсталды. ІІМ таратқан ақпарға сәйкес, ұйымдасқан топ жетекшісінің және негізгі қатысушыларының қамауға алынғанына қарамастан, оның басқа мүшелері адвокаттардың қызметін қаржыландыра отырып, құқыққа қарсы іспен айналысуын жалғастырып келген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Яғни, тергеу процесінің қатысушыларына бұқаралық ақпарат құралдары және интернет желісі арқылы қысым көрсеткен. Сондықтан полицейлер қылмыстық топты ұстау үшін 3 кезеңнен тұратын жоспар құрыпты. Біріншісі халықаралық іздеуде жүрген, қылмыстық ортада «Нойс» деген лақап атымен белгілі, Жұмагелдиевтің «оң қолы» басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі криминалдық буынын жоюға бағытталған екен.
– Екінші кезеңде криминалдық ортада «Карась» лақап атымен белгілі «Дикий Арманның» тағы бір көмекшісі бақылайтын ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыру арнасы жойылды. 25-26 сәуір аралығында Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында 130-дан астам тінту жүргізіліп, заңсыз ойын бизнесіне және аталған ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыруға қатысы бар 53 фигурант ұсталды, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
Ал 12 шілдеде операцияның үшінші кезеңі іске асырылды. Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай және Түркістан қалаларында қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан 18 фигурант ұсталған. 36 тінту іс-шарасы жүргізіліп, бірнеше шолақ қару, тапаншалар, пышақтар, кастет, діни әдебиет, сондай-ақ тәртіпсіздікке қатысқан күдіктілердің киімдері тәркіленген.
– Осы бағыттағы жедел іс-шаралар жалғасуда. Өзге мәліметтер тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды, – деді ҚР Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
Еске салайық «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев былтыр 7 қаңтарда ұсталған болатын. Кейін Бас прокуратура оның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында отырғанын мәлімдеді. Содан бері «Дикий Арманды» қамауда ұстау мерзімі тоқтаусыз ұзартылып келеді.