Шудағы атысқа қатысы бар күдікті ұсталды. Бұл туралы Жамбыл облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиғаның екі белсенді қатысушысы уақытша ұстау изоляторына қамалып, қолға түскен үшінші азаматқа қатысты қазір тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Тәртіп сақшылары тағы бір күдіктінің із суытып, оған халықаралық іздеу салынғанын мәлімдеді. Еске салсақ, күні кеше Шу ауданында атыс болып, салдарынан 3 адам жапа шегіп, 1 адам аураханада көз жұмған болатын.
«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілердің аты-жөні түгел анықталды. Қамалған 2 адам Шу қаласының тұрғыны. Тағы бір күдікті қылмыстық қудалау органдарымен халықаралық іздеу салуға жарияланды», – деді полиция департаменті бастығының орынбасары Алмас Саламатов.