Қарағанды облысында екі жұмыскер қаза тапты. Оқиға кеше «Qarmet» акционерлік қоғамының №2 табақша илемдеу цехында болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мердігерлік ұйымның қызметкерлері химиялық басқару блогы ғимаратының шатырына демонтаж жұмыстарын жүргізу кезінде құлап кеткен. Алдын ала болжамға сенсек, екі азаматтың көз жұмуына олардың биіктікте жұмыс істей жүріп, қауіпсіздік техникасын сақтамауы себеп болған.
«Qarmet» АҚ баспасөз қызметі:
«Qarmet» АҚ өндірістік қауіпсіздікті күшейту бағытын ұстанады және өз қызметкерлерінен де, мердігерлік ұйымдардың қызметкерлерінен де барлық қауіпсіздік техникасы нормасы мен ережесін мүлтіксіз сақтауды талап етеді және талап етуді жалғастыра береді. Компания болашақта осындай оқиғалардың алдын алу және өндірістегі максималды қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды»
Қайғылы оқиғаның нақты себебі мен мән-жайын жан-жақты тергеу үшін арнайы комиссия құрылған. Сараптамалар да тағайындалған.
– Аталған дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлігіне сәйкес «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу» дерегіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің бастығы Бақытжан Құдияров.
Оқи отырыңыз: Ақтауда жүріп келе жатқан көліктен бала домалап түсіп қалды