Алматының шекара кеденінде заңсыз әкелінген дәрі-дәрмек партиясы анықталды. Қалалық кірістер департаменті елімізге Үндістанда жасалған биологиялық белсенді қоспа деген атпен таза салмағы 356 келі болатын, 55 мыңға жуық таблетка кіргізілмек болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кедендік сараптама нәтижесінде тауардың «дәрілік зат» екені және терапевтік мақсатта пайдалануға арналғаны анықталды. Ол бөлшек саудаға арналып оралған екен. Тауардың кедендік құны 43 миллион теңгеден асса, бюджетке келтірілген шығын сомасы 5 миллион теңгеден артып жығылған.
«Сыртқы экономикалық қызметке қатысушының іс-әрекетінен Қылмыстық кодекстің 234-бабында көзделген «экономикалық контрабанда» заңбұзушылық белгілері байқалады. Осыған байланысты материал шешім қабылдау үшін Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жіберілді», – деді Кірістер департаментінің басқарма басшысы Айжан Бекеева.