Алматыда дүкен тонауға қатысқан 16 адам уақытша босатылды
Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде дүкендерді тонауға қатысқан 16 адам уақытша босатылды. Өйткені күдіктілер жасаған ісіне өкініп, кінәсін мойындаған. Сәйкесінше оларға бұлтартпау шарасы қолданылып отыр. Бүгінде тек Жетісу аудандық полиция басқармасында тәртіпсіздік фактілері бойынша 258 іс тіркеліпті. Ал келтірілген шығын көлемі 600 миллион теңгеден асады дейді жергілікті прокурорлар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Уақытша тергеу изоляторынан босатылғандар қатарында тепсе темір үзетін өрімдей жастар мен әйелдер де бар. Көбі – тұрақты жұмыс орны жоқ облыс тұрғындары. Олар 5, 6 қаңтар күні қалаға шығып, дүкендерді тонап жатқан көпшілікке қалай ілесіп кеткенімізді білмей қалдық деп отыр.
«Қарасам, заттар жатыр екен. Соны алып кеткенмін. Киімдер жолдың бойында шашылып жатты. Сонымен белсенділер ұстап, аудандық полиция басқармасына алып келді. Мұнда тергеу изоляторында ешқандай қинап, ұрған жоқ. Мойныммен көтердім. Сол кезде қателік жасап, не істегенімді білмей қалдым», - дейді күдікті Жәнібек Бұршақбаев.
«Тек киім-кешек қана алдым. Онда да көп емес, азын-аулақ қана. Халықтың көптігінен солай болған шығар. Арнайы ешкім үйінен дайындалып шыққан емес еді. Бұл әрине, қателік. Мен үшін естен кетпес қателік болды», - дейді тағы бір күдікті Нұрлан Егізбаев.
Күдіктілердің уақытша босап шыққанына туыстары қуанышты. 21 жастағы ұлын қолдауға келген анасы перзентінің бұл әрекетіне іштей налитынын, болашағы үшін уайымдайтынын жеткізді.
«Қандай шоколад ұрлағанын білмеймін. Әйтеуір бірыңғай шоколад алған ғой. Тура 1 ай 4 күн болды ғой. Уайымдадық... Не ұйқы жоқ, не күлкі жоқ, құрсын. Әйтеуір аман-есен шықты ғой баламыз, шүкір. Әскери салада қал деп айтар едім. Өзінің арманы сол болатын. Өз еркімен қаламын деп кеткен еді. Енді келіп, мынандай жағдайға ұрынып қалды», - дейді күдіктінің анасы Райхан Қасымова.
Енді кінәсін мойындаған азаматтарға Жетісу ауданының прокуратурасы бұлтартпау шарасын қолданып отыр. Олардан елден тыс жерге шықпау туралы қолхат алынған. Бүгінде тәртіп сақшылары күдіктілерге үзбей түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Тек Жетісу ауданында қаңтар оқиғасына қатысты 258 іс тіркеліпті. Ал кәсіпкерлерге келген шығын көлемі 600 миллион теңгеге жуық дейді прокурорлар. Бүгінде 41 іс ашылып, 13 миллионға жуық заттай айғақтар тәркіленген.
«Ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасына қатысты ҚР процессуалдық кодексінің 141-бабын ескере отырып, соның барлық талабын күдіктілерге түсіндірдік. Болашақта сол талаптардың барлығын орындап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру біткенше мінез-құлықты бұзбай, сотқа дейін жететіндей болуы керек», - деді Жетісу ауданы прокурорының орынбасары Ерлан Мырзабек.
Қазіргі уақытта тәркіленген заттардың барлығы Жетісу аудандық полиция басқармасының камерасында сақтаулы тұр. Сот үкімі шыққан соң, тоналған заттар иелеріне қайтарылады. Ал қалған тәртіпбұзшылық фактілері бойынша тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.
Аяулым Көлжігіт, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы