Адам саудасы: шымкенттік келіншек туған баласын сатпақ болған

28.11.2023 00:23

Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды

Кадр из видео Almaty.tv

Алматы облысында жатырындағы баласын әлеуметтік желіде сатылымға қойған келіншек ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

24 жастағы тұрғын мұндай әрекетке несиесін жабу үшін барған екен. Жас қыз сәбиге зәру отбасын тапқан соң, бала дүниеге келмей тұрғанда-ақ ауызша келісім жасасқан. Содан қазан айында екі жақ уәдені орындауға кіріскен.

Жаңа туған нәрестені қолдан қолға өткізіп, заңға қайшы әрекетті соңына дейін жеткізуге бекініпті. Алайда қылмыс әшкере болады. Сәбиін сатпақ болған келіншекті полиция уақытша қамауға алады. Құзырлы органдағылар дәл осы дерек бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Айта кетейік, бүгінде адам саудасына қатысты қылмыс еліміздің өзге өңірлерінде де тыйылмай тұр. Соңғы 11 айда 100-ден астам факт анықталған.

Қаны бұзылған қарақшы үшін кісі құны көк тиын. Биыл елде адам саудасына қатысты қылмыс саны 124-ке жетті. Оның ішінде жатырдан шыққан баласын жатқа беріп, ақша тапқандар мен құл ұстағандар, қыздарды алдап-арбап жөзөкше қылған жеңгетайлар мен ағза сатқандар да бар. Ең сорақысы, бұл сұмдық кәмелет жасына толмағандарға да жасалған екен.

– Бұл қылмысқа жаза бар. Алайда елімізде «Адам саудасына» тікелей қатысты бөлек заң жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі мемлекеттік органдармен, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, осы қылмысқа қарсы күрестің бүкіл жүйесін реттеудің негізін құрайтын алғашқы тиісті заңды әзірледі. Қазір Парламент Мәжілісінде маңызды мәселелерді қамтитын «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы қаралып жатыр, – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Құзырлы органдағылардың дерегінше, адам саудасына қатысты анықталған 27 қылмыстың 22-і кәмелет жасына толмағандарға жасалған. Мысалы, Алматы облысында 24 жастағы келіншек сәбиін сатуға бекініп, алушыларды әлеуметтік желіден іздепті. Бала сұрағандарды тапқан соң, шартын орындатып, нәрестені бермек болған. Сондағы себебі - несиесін жабу. Осыған ұқсас жағдай Шымкентте де қайталанған. Қазір баланы табыс көзі көрген екеуі де қамауға алынды.

–Тәжірибеден белгілі, көбіне баланы сатып жатқандар ғана жазаланып жатады. Ал баланы сатып алмақ болғандар жазасыз қалып жатады. Қылмыстық істе жәбірленуші болып қалады. Олар қандай іс-әрекетке бара жатқанын біледі. Яғни, баланы сатып алу қылмыс екенін түсінеді. Сондықтан болашақта оларды да қылмыстық жауапкершілікке тартқан жөн деп санаймын, – деді заңгер Смағұл Файзулла.

Заңгердің айтуынша, бала сатудан бөлек, өңірлерде, әсіресе шалғай ауылдарда құлдықта ұстау қылмысы да жиі кездеседі. Сондай-ақ, биыл ел бойынша жөзөкшелікке тарту бойынша 10 дерек, адам ағзасын сату бойынша 4, жеңгетайлықтың 79 дерегі тіркелген.

Оразай Нұртайұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Zam Zam Qazaqstan туристік компаниясының басшысы ұсталды