Атырауда жыл басынан бері есірткіге қарсы 82 құқықбұзушылық анықталды

08.07.2024 19:52

Бұл былтырғымен салыстырғанда 19 дерекке көп

elements.envato.com

Атырау облысында биыл есірткіге қарсы 82 құқықбұзушылық анықталған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 19 дерекке көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.


Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес есірткі қылмысына және нашақорлыққа қарсы күрес шаралары күшейтіліп отыр.


«Өткен жылы Атырауда есірткімен байланысты 63 құқықбұзушылық анықталды. Ал, биыл осындай 82 дерек тіркелді. Заңсыз айналымнан 8 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Облыстық прокуратураның үйлестіруімен өткізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Атырау қаласының аумағында «Fito» заңсыз зертханасын ұйымдастырған жергілікті тұрғын анықталып, ұсталды. Одан есірткі заттары бар 68 өсімдік алынды», - деп хабарлады облыстық прокуратурадан.


Прокуратура қызметкерлері интернет арқылы есірткі заттарының таралуын анықтау мақсатында әлеуметтік желіге күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Үкіметтік емес ұйымдармен бірге өткізілген акциялар мен рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде әртүрлі сайтта есірткі жарнамасы бар 30-дан астам жазба жойылған.


Сондай-ақ жыл басынан бері «Кибер-қадағалау» бағдарламасы арқылы заңсыз контенті бар 60 сайт анықталған. Аталған сайттарды бұғаттау мақсатында жинақталған деректер Ішкі істер министрлігіне жіберілді.

Оқи отырыңыз: Алматыда Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты концерт өтті