Қазақстан бойынша есірткіге қарсы жүргізілген «Қарасора» операциясының соңғы аптасында 125 қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында және Алматы мен Астана қалаларында қолға түсті. Тінту кезінде 250 келі есірткі заты табылған. Полицейлер барлық факт бойынша сотқа дейінгі істі бастады. Ұсталғандардың қылмысы дәлелденсе, олардың мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетсек, биыл жыл басынан бері Ішкі істер органдары есірткіге қатысты 6 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтап, 30 тоннадан аса наркотиктің түр-түрін тәркіледі.
– Есірткі бизнесімен айналысқан 12 ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде үш трансұлттық топтың қызметі тоқтатылды. Есірткі топтарының 14 көшбасшысы және 52 мүшесі ұсталды, олардың ішінде шетелдік азаматтар да бар. 40 есірткі зертханасы жойылды, – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.
Оқи отырыңыз: Жыныстық құлдық: Қорғаста қыздар тәнін саудалаған 5 азамат ұсталды