Атыс кезінде қаза тапқан полицейді жерлеу рәсімі өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Ерлікпен қаза тапқан полицей Алматыдағы Кеңсай-2 зиратына жерленді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы атышулы атыста қаза болған 5 адамның бірі, полиция майоры Дархан Сүлеевтің бүгін жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Антына адал, қызметіне қырағы қараған марқұмды ақырғы сапарына шығарып салуға келген елдің қарасы қалың болды. Ерлікпен қаза тапқан полицейді Алматыдағы Кеңсай-2 зиратына жерледі. Қоштасу рәсімі дәстүрге сәйкес аспанға қарата атылған мылтықтың дыбысымен басталды. Кейін сақадай тізілген полицейлер марқұмға құрмет білдіріп, естеліктерін бөлісті.  

«Дархан Дауылбайұлы көбінесе ұйымдасқан қылмыспен күресу саласында көп жыл қызмет етті. Өте білімді іскер еді. Одан кейін учаскелік инспектор болғанына міне, бір ай болды», - дейді әріптесі Артур Зиябеков.

Айта кетейік, ерлікпен қаза тапқан екі полицейдің отбасына Ішкі істер министрінің қолдау хаты бойынша Алматы қаласының әкімдігі пәтер беру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, Ішкі істер министрінің бұйрығымен қос қызметкер «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге косқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.  

«Бұл учаскелік полицейлер Ішкі істер министірлігіндегі құқық қорғау саласының ең үздік қызметкерлері болатын. Олар өмірлерін қатерге тіге отырып, өздеріне берілген учаскенің қауіпсіздігін қамтамасыз ете білді. Қаза болғандардың жақындарына қайғырып көңіл айтамын», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев.

Новости партнеров