Қазақстанда биыл адам саудасына қатысты 110 қылмыстық іс тіркелген. Ал халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың дерегінше, еңбек және сексуалдық құлдыққа тап болғандардың саны одан да көп екен. ІІМ азаматтардың арбауға қалай түсіп қалатынын, көбіне қандай жұмысқа жегілетінін айтты. Ал Еңбек министрлігі мұндай сынаққа тап болғандарға қалай көмектесіп жатқандарын жеткізді, деп хбарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде құлдыққа негізінен халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы жиі түседі. ІІМ қарасты адам саудасына қарсы күрес басқармасының басшысы Самат Құсетовтың айтуынша, мұндай схемалардың құрбаны, әсіресе кәмелетке толмағандар мен әйелдер. Оларды жұмыс берушілер «аз уақыттың ішінде қомақты қаражат табасыз» деп сендіреді. Ал жасайтын шаруаның өзі оп-оңай деп иландырады екен.
– Адамдардың құлдыққа түсуіне толыққанды ақпараттың болмауы, құқық сауатсыздығы, арзан жұмыс күшінің қолжетімділігі, шетелдіктердің заңсыз мәртебесі, интернеттің ықпалы, тез әрі жылдам ақша табуға ұмтылу сынды факторлар жиі себеп болады, – деді ҚР ІІМ Адам саудасына қарсы күрес және қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау басқармасының басшысы Самат Құсетов.
Адам саудасына байланысты қылмыстық істерді тергеу, ашу өте қиын екен. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жәбіренушілер көп жағдайда полицияға жүгінбейді. Оның үстіне, құлдықта ұстаған кісілер кек қайтара ма деп қорқатын көрінеді. Қазақстаннан шетелге кетіп, арбауға түсіп қалатындардан бөлек, біздің елге келіп те осындай жағдайға тап болатын өзге мемлекеттің азаматтары да бар. Биыл 15 шетелдік Қазақстанда құлдыққа жегілген. Олар дағдарыс орталықтарына жүгініп, көмек алған.
– Бізде Республика бойынша 123 адамға қызмет көрсететін 14 дағдарыс орталығы бар. Тағы да айта кететінім, министрлік тарапынан арнаулы әлеуметтік қызмет 8 бағытта көрсетіледі, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаменті директорының орынбасары Гаухар Қалмақова.
Биыл жыл басынан бері адам саудасына байланысты 110 қылмыстық іс тіркелген. Заңсыз бас бостандығынан айыру 5 іс, 14 факт кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке күштеп жегу, 24 іс адам саудасы, мәжбүрлеп тұрмысқа беру немесе үйде ұстауға қатысты 67 іс қаралды. Айта кетейін, соңғы 5 жылда 58 адам оңай олжаға кенелемін деп шетел асып, құлдыққа тап болған.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Жалған доллар мен есірткі сатқандар ұсталды