Жыл басынан шекарада 940 келіден астам ауыр есірткі заттары тәркіленді. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің биылғы бірінші жартыжылдықтағы қызметтінің қорытындысына арналған брифингіде Шекаралық бақылау департаменті бастығының бірінші орынбасары Ғани Ағаділов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Шекара қызметі халықаралық қатынастар жолдарында есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу бойынша белсенді жұмыстарды іске асырып жатыр. Биыл «героин», «канабис», «ауған чарсы» деп аталатын 940 келіден астам ауыр есірткі заттарын шекарадан өткізу қылмысының жолы кесілді. Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарының өткізу пунктерінде аса ірі көлемде есірткі заттары тәркіленді. Есірткі контрабандасының барлық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді Ғ. Ағаділов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен қатар спикер әуежайларда паспорттық бақылаудың биометриясы негізінде автоматты түрде өтудің жаңа технологияларын енгізу жұмыстары атқарылып жатқанын айтты.
«Мәселен, Астана қаласының әуежайында тестілік режимде отандық өндірістің «Q-gate» паспорттық бақылаудың автоматтандырылған жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Бұл бақылау түрін енгізуге оның экономикалық тиімділігі, паспорттық бақылауды жүргізудің қауіпсіздігі, жылдамдығы және ыңғайлы болуы ықпал етті. Болашақта шекарадағы қарқынды өткізу пунктерін және Қазақстан Республикасының ірі халықаралық әуежайларында осы жүйені қосу жоспарланып отыр», - деді Шекаралық бақылау департаменті бастығының бірінші орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 7 айда Қазақстан шекарасынан 20,5 млн адам өткен.