Түркістан облысындағы 40-тан астам мұғалімнің есепшотынан ақша жымқырып келген алаяқ Алматыда ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жәбірленушілерге келтірілген шығын 17 миллион теңгеден асқан. Айғақты зат ретінде күдіктіден 1,5 миллион теңге тәркіленді. Тәртіп сақшылары Шардара қаласындағы бірнеше мектептің есепшотынан, яғни мұғалімдердің жалақысынан аса ірі мөлшердегі қаржының бөтен есепшотқа негізсіз аударылып келгенін анықтаған. Нәтижесінде құқық қорғаушылар тәулік ішінде күдіктіні анықтап, оның есепшотын бұғаттап үлгерді. Қазір полицейлер оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
"Күдікті адам Алматы қаласынан жүрген жерінен Шардара аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілдерімен ұсталып, полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы Шардара аудандық полиция бөлімінің өндірісінен тергелуде",- деді Шардара аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Бақдаулет Рысқұл.