Қаңтар оқиғасы кезінде 273 полиция қызметкері мен әскери қызметші мүгедек болып қалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты. Оның ішінде атыс және пышақтау жарақаттары, сондай-ақ басқа да ауыр зардаптар бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өкінішке қарай, олар ары қарай жұмысын жалғастыра алмайды. Сонымен қатар 673 азаматтық тұлғаға оқ тиген. Медициналық көмекке жүгінгендердің басым бөлігі Алматы қаласынан болған. Ал Алматы облысында – 336, Жамбыл облысында – 153, Шымкент қаласы мен Шығыс Қазақстан облысында 126 адам жапа шеккен.
Ішкі істер министрінің ақпараты бойынша Полиция қызметкерлері мен әскерилерді қатыгездікпен ұрып-соғудың, сондай-ақ әкімшілік және өзге ғимараттарға шабуыл жасаудың кадрлары әлеуметтік желілерде бар. Оның көбін тәртіпсіздіктерге қатысушылардың өздері таратқан.
«Басқа мәліметтермен қатар, осы бейнежазбалар бойынша қылмыстық шабуылдарға қатысқан адамдар анықталуда. Мәселен, Атырауда қаланың орталық көшелерінің бірінде 5 қаңтарда облыстық әкімдік ғимаратын қорғауға тартылған полиция қызметкерлерін топ болып қатыгездікпен ұрып-соққан осы қаланың екі тұрғыны ұсталды. Бейнеде көрініп тұрғандай, шабуылдаушылар бір қызметкерді жерге жатқызып, оны теуіп, таяқпен ұрған. Екіншісін аяқпен, қолмен, сондай-ақ каскамен басынан ұрып, ауыр зақым келтірген», - деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.
Бұдан өзге, бейбіт тұрғындарды жазықсыз жапа шекті. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша қаңтар оқиғалары барысында 1 726 адам, оның ішінде 673-і оқ-дәрі жарақаттармен, 469-ы пышақталған және тесілген жарақаттармен, 431-і дене жарақаттарымен медициналық көмекке жүгінген.
«Олардың бірқатары жарақаттарды мемлекеттік мекемелер нысандарына және қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз еткен қызметкерлерге шабуыл жасау уақытында алғаны күмәнсіз. Негізінен оны бейнежазбалар дәлелдейді. Басқа жағдайлар кезінде дене жарақаттарын алудың мән-жайларын анықтау бойынша жұмыс жалғасуда», - деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.
Бүгінгі таңда ішкі істер органдары 2 565 қылмыстық істі тергеп жатыр. Олар бойынша 271 адам күзетпен ұсталуда. Жалпы барлық қылмыстық істер бойынша 741 күдікті сот санкциясымен қамауда. Ал лаңкестік актілері бойынша 181 қылмыстық іс тергеуге алынған.
«Бас прокуратура қаңтар оқиғалары кезеңінде жасалған қылмыстардың тергелуін және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жұмыстарын жалғастыруда. Барлығы 3 096 сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тіркелді. Негізінде олар – меншікке қарсы, бұзақылық және қаруды жымқыру қылмыстары. Арнайы прокурорлардың басқаруымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздік және лаңкестік актілері бойынша 181 қылмыстық істі тергеп жатыр», - деді ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.
Қамауға алынғандарға қатысты заңсыз іс-әрекеттер туралы әрбір өтініш бойынша Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті тексеру жүргізеді. Жалпы Құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттеріне қатысты 363 шағым түскен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қарауында тергеудің рұқсат етілмеген әдістері туралы 178 қылмыстық іс бар. Арнайы прокурорлармен 8 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қызметкерлерінің билікті асыра пайдаланғаны туралы 59 өтініш қаралған. Сонымен қатар, 967 бірлік қару-жарақ және 19 мыңнан астам оқ-дәрі алынғаны белгілі болды. Ұрланған 68 қаруды азаматтар өз еріктерімен тапсырған.
Бас прокуратура Алматыдағы тәртіпсіздік бойынша ұсталғандардың портреттері жасады. Олар – жоғары білімі және тұрақты жұмысы жоқ 30 жасқа дейінгі жас адамдар. Алматы қаласында анонимді сауалнама жүргізу барысында әрбір үшінші қиратушы жағдайды пайдаланып, бөтеннің мүлкін ұрлау арқылы пайда табуды қалағанын мойындаған.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан