Алматы облысында 7 тоннаға жуық спирт сақталған жерасты қоймасы анықталды. Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шаралары нәтижесінде ірі мөлшерде этил спиртін сақтау фактісі тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тексеру кезінде сыйымдылығы бір тонна болатын 6 ыдыс пен спирттің ерекше иісі бар түссіз сұйықтықпен толтырылған 5 литрлік 141 бөтелке және 5 қап қақпақ пен құюға арналған жабдық тәркіленген. Себебі оларды облыс аумағында өткізуге ешқандай рұқсат құжаттары болмаған. Қазір аталған дерек бойынша тергеу амалдары басталды.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің аталған факті бойынша Қазақстан Республикасының 1990 жылы туылған азаматына қатысты Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 214-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Онда ең жоғарғы жаза көзделген, мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жүзеге асырылады», – деді Алматы облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің аға тергеушісі Айнұр Ыдырысова.