|
27.04.2022 | 15:25
1964

Алматыда Mad Men тобының мүшелері ұзақ жылға сотталды

Қылмыстық топтың басшысы 17 жылға бас бостандығынан айырылды

Алматыда Mad Men тобының мүшелері ұзақ жылға сотталды ашық дереккөз

Алматыда музыкалық топтың мүшелері психотроптық заттар мен есірткіні сату мақсатында дайындап, сақтағаны үшін ұзақ мерзімге сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Q-pop Mad Men тобының мүшелеріне қатысты қылмыстық топты құру, оған жетекшілік ету, аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды дайындау, сақтау, өткізу фактілері бойынша қылмыстық іс қаралды.

ҚазАқпарат мәліметінше, 2020 жылы қыркүйек айының басында Х. есімді азамат қылмыстық топ құрған. Оның құрамына 6 адам кірді. Барлығы заңсыз мефедрон психотроптық затының баламасын дайындап, кейіннен өткізіп жіберу үшін есірткі затын (гашишті) сақтап келген. Қылмыстық топтың жетекшісі Х. мефедрон өндіруге арналған құрамдас бөліктерді алумен айналысып, сатып алушылармен келіссөздер жүргізген. Топтың басқа мүшелері Алматы қаласында зертхана ретінде жабдықталған коттедждің жертөлесінде психотроптық заттарды өндіріп, оларды бөлек дозаға салып, құны туралы ақпаратты арнайы құрылған сайттар мен чаттарда жариялаған. Топтың қалған мүшелері Алматыдағы қоғамдық орындарға бетбелгі қоюмен айналысқан.

Сотта прокурор айыптауды қолдап, қылмыстық топтың басшысын 18 жылға, ал қалған қатысушыларды 17 жылдан 17,5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Сот үкімімен Х. ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету, аса ірі көлемде өткізу мақсатында психотроптық заттың аналогын заңсыз дайындау, сақтау, есірткіні электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы ұйымдасқан топтың құрамымен сату мақсатында сақтау қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған қатысушылардың үшеуіне 16 жыл, тағы біріне 15 жыл, 3 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлады қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

топ группа
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир