Алматы облысына қарасты Қапшағай су қоймасының маңынан кәмелетке толмаған қыздың өртенген денесі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Облыстық полиция департаментінің өкілдері аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі ер адамды ұстады.
Белгілі болғандай, 27 мамырда Алматы қаласының Алмалы ауданының полиция басқармасына жүгінген әйел адам 2005 жылы туған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған.
Әйелдің айтуынша, қызы 24 мамыр күні үйден шығып, қайтып оралмаған.
«Полицейлер оның жоғалып кетуіне қатысы болуы мүмкін адамдар тобын анықтады. Олар Алматы облысында тұратын 1992 және 2001 жылы туған екі ер адам болып шықты. Қыз оларды жоғалған күні көшеде кездестірген», – делінген ПД хабарламасында.
Azattyq Rýhy мәліметінше, жедел іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында күдіктілер кісі өлтіргенін мойындап, Қапшағай су қоймасы маңынан оның денесінің көмілген жерін көрсетті. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
«Қылмыстың ізін жасырмақ болған күдіктілер қыздың денесін өртеп жіберген. Аталған қылмысты одан әрі тергеуді аумақтық принципке сәйкес Алматы облысы бойынша ПБ жүргізетін болады», – делінген хабарламада.