Айыпталушы тараптың қорғаушысы судьямен тағы да айтысып қалды
Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 17 сәуір күні судья Айжан Құлбаева мемлекеттік айыптаушының өтінішін қанағаттандырып, мәскеулік мамандардың қорытындыларын айғақтар қатарынан алып тастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
17 сәуір күні сот отырысында Бишімбаевтың қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов судьямен тағы да айтысып қалды. Адвокат Салтанаттың досы Ахмединаны сотқа қайта шақырып, оның телефонын тексеру жөнінде өтініш білдірді. Бірақ Айжан Құлбаева бұл өтінішті қанағаттандырмады, жауап ретінде Ғазымжанов судьяның атына тағы да сын айтты.
- Мен сіздің әрекеттеріңізге қарсылық білдіруге мәжбүрмін, өйткені сіз процесті біржақты жүргізіп жатырсыз. Сіз мемлекеттік айыптаудың кішігірім өтініштеріне дейін қанағаттандырасыз, сонымен бірге біздің дәлелді өтініштерімізден бас тартасыз. Мен сіздің әрекеттеріңізге қарсылық білдіремін, - деді сотталушы Қ. Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов.
Судья Ғазымжановқа бүкіл ел алдында айып таққаны үшін ескерту жасады. Сөйтті де, авдокат өз сөзі үшін жауап беретінін еске салды.
- Қорғаушыға тағы ескерту жасалады. Ол Ахмединаның телефонына тексеру жүргізген қызметкер ақпаратты бұрмалаған деп айтып отыр. Егер сізде сенімді деректер болса, оны сотқа дәлел ретінде келтіріңіз. Егер олар дұрыс болмаса, онда сіз өз дәлелдеріңіз үшін кейінірек жауап беруіңіз керек. Өйткені сіз бүкіл ел алдында тергеуші қылмыстық іс материалдарында бар құжатты бұрмалаған деп айтып отырсыз, - дейді судья Айжан Құлбаева.
Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісі: жәбірленуші тараптың адвокаты неге шағымданды