БҚО-да темекі мен қолдан жасалған ішімдікті заңсыз сатқан тұрғын ұсталды

31.01.2023 20:28

Құрамында спирті бар заттарды көтерме саудада заңсыз өткізумен шұғылданған

vk.com

Батыс Қазақстан облысында 57 млн астам теңгенің темекі өнімдерін заңсыз өткізумен айналысқан тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

БҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мәлім еткендей, аталған тұрғын 2022 жылдың қарашасы мен биылғы жылдың 17 қаңтар аралығында үшінші елдерден 2 өлшемді матрицалық штрихкод түріндегі тұтыну қаптамасының сәйкестендіру құралынсыз темекі өнімдерін, сондай-ақ құрамында спирті бар заттарды көтерме саудада заңсыз өткізумен шұғылданған.

Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде жалпы сомасы 57 млн теңгеден асатын 2 өлшемді цифрлық таңбасы жоқ 90 мың қорап темекі өнімі, құрамында спирті бар зат құйылған, барлығы 320 литр көлеміндегі пластик ыдыстар табылып, алынды.

«Сонымен қатар қазіргі заманғы қадағалау құралдары мен жасырын әдісті пайдалана отырып, жедел комбинацияны жүзеге асыру барысында заңсыз темекі өнімдерін барлық сатушы мен қолма-қол ақша қозғалысы туралы мәліметтерді қамтитын «қара касса» анықталды»,  делінген хабарламада.